Ақтөбеде есірткі қылмысына қарсы күрес күшейтілді: жерасты зертханалары анықталып, ондаған келі синтетикалық заттар тәркіленді, заңсыз қаржыландыру схемаларының жолы кесілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе облысының прокуратурасы хабарлағандай, арнайы прокурорлар есірткі саудасымен айналысқан тұлғаларға қатысты екі қылмыстық істі тергеуді аяқтады. Бұл істер бойынша жеті күдікті қамауға алынды. Жедел шаралар барысында екі есірткі зертханасы жойылып, 76 келіден астам синтетикалық есірткі заттары тәркіленді.
Сонымен қатар, қалада алдын алу шаралары белсенді жүргізіліп жатыр. "Нашақорлыққа жол жоқ!" акциясы аясында полициямен бірлесіп есірткі жарнамасы мен заңсыз интернет-дүкен сілтемелері бар 300-ден астам граффити жойылды. Бақылауды күшейту мақсатында прокуратура коммуналдық қызметтермен меморандумға қол қойып, оларға есірткі жарнамасы бар жаңа жазбалар туралы дереу хабарлауды міндеттеді.
Бұдан бөлек, прокуратураның бастамасымен 59,5 миллион теңге айналымы бар 2,5 мыңнан астам "дропперлік" шот бұғатталып, 1 100-ден астам есірткі дүкендерінің сілтемелері өшірілді. Қалада кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде: 5 мыңнан астам буклет таратылып, әлеуметтік желілерде 1 мыңнан астам материал жарияланды, мектептер мен ЖОО-ларда 3 мыңға жуық кездесу өткізіліп, 20 мыңнан астам оқушы қамтылды. Сондай-ақ қала бойынша 100-ден астам нашақорлыққа қарсы билбордтар орнатылды.
Психикалық денсаулық орталығының жұмысына жүргізілген талдау барысында заңбұзушылықтар анықталды: науқастар тізімінде 205 адам "қайтыс болған" немесе басқа өңірлерге көшіп кеткен азаматтар ретінде көрсетілген. Соған қарамастан, олардың "емделуіне" 2,5 миллион теңге бюджет қаржысы негізсіз жұмсалған. Прокурорлық қадағалау актісінен кейін бұл қаржы бюджетке қайтарылып, алты лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.