Ақтөбе облысында тұрғындардың өтініштерін орындауда денсаулық сақтау басқармасы немқұрайлыққа жол берген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Әнуар Асыловтың айтуынша, былтыр облыста мемлекеттік органдарға тұрғындардан жалпы саны 47 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Оның ішінде көп бөлігі, атап айтсақ, 31 300-і немесе 65,7 пайызы - Ақтөбе қаласы тұрғындарының өтініші.
Аудандарға келсек, тұрғындардан түскен өтініштер саны бойынша 1-орында - Мұғалжар, 2-орында - Хромтау, 3-орында Шалқар ауданы тұр. Сондай-ақ Алға, Мәртөк аудандарының да азаматтары көп арыз-шағым түсірген. Ал облыстық басқармалар арасында 6116 өтініш - білім, 2671 өтініш - денсаулық сақтау, 2196 өтініш - еңбек инспекциясы, 697 өтініш ауыл шаруашылығы және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармаларына тиесілі, - дейді ол.
Ақтөбеліктерден түсетін арыз-шағым, өтініштердің дені жер, тұрғын үй алу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жұмыспен қамту, білім беру саласындағы мәселелерге қатысты екен. Былтыр осылардың ішінде облыста жұмыс орнындағы дау-жанжалға қатысты арыз-шағымдар үлесі артқан. Нақтырақ айтсақ, азаматтардан жұмыс орнына қатысты 2188 өтініш келіп түскен.
Бірнеше рет берілген ескерту мен қабылданған шараларға қарамастан, мемлекеттік органдар өтініштерді қарау мерзімін созуды жалғастырып келеді. Мәселен, былтыр өңірде мерзімі өткен 5 өтініш қаралды, оның ішінде үшеуі денсаулық сақтау басқармасына қатысты болса, біреуі - ауыл шаруашылығы басқармасына, тағы біреуі Хромтау ауданы әкімдігіне қарайтын сауалдар, - дейді Асылов.
Ал биыл 51 өтініш өз уақытында қаралмаған. Оның 20-сы басқармаларға, 31-і әкімдіктерге қатысты.