Ақтөбеде қалалық емхана екі жылдан бері жөнделмей тұр

27 Мамыр 2024, 12:30
392
Бөлісу:
Ақтөбеде қалалық емхана екі жылдан бері жөнделмей тұр
Фото: автордан

Ақтөбе қаласындағы №2 қалалық емхананың бас ғимараты осыдан екі жыл бұрын күрделі жөндеуге жабылған-ды. Содан бері ғимарат әлі күнге дейін жөнделген жоқ, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе қаласының Алматы ауданында орналасқан №2 қалалық емхананың іргетасы сонау 1935 жылы қаланған. Бұл емхана бүгінде 84 мың тұрғынға медициналық қызмет көрсетеді. Осыдан екі жыл бұрын емдеу мекемесінің бас ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Алайда мекеменің қабатаралық жабындысын ашқан кезде үрліктерінің шірігендігі анықталып, жөндеу жұмыстары тоқтатылған.

№2 қалалық емхананың бас дәрігері Толыбай Бажировтың айтуынша, биыл жөндеу жұмыстарына бюджеттен 502 млн теңге қаржы бөлінген.

Ақтөбе облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы белгіленген уақытта конкурс өткізді, бүгінде жеңімпаз анықталды. Өткен аптада мердігер ұйым - «Алихан Ойл-3» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері келді. Осы аптада жөндеу жұмыстары басталады, — дейді ол.

Оның айтуынша, қазіргі таңда емханаға жедел жәрдем автокөлігі жетіспейді. Қазір мұнда 9 автокөлік бар, дегенмен бәрі ескірген. Олардың пайдалануға берілгеніне 11-12 жыл болған. Сондай-ақ медициналық құрал-жабдықтар да тозған.

Бүгінде емханадағы УЗИ, рентген аппаратынан басқа құрылғылар тозған. Ал жедел жәрдем көліктері апта сайын бұзылып, жөнделеді. Біз облыстық денсаулық сақтау басқармасына ұсыныс жібердік, дегенмен жаңа құрылғылар әлі келмеді. Науқастардың ауруын анықтап, оларға сапалы қызмет көрсету үшін құрылғылар да, жедел жәрдем көлігі де жаңа болуы керек. Сондықтан осы мәселелер тездетіп шешілсе екен, — дейді Бажиров.

Күрделі жөндеу жұмыстары биыл жыл аяғына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.

Өзгелердің жаңалығы