Ақтөбеде қала тұрғындары 100 түп қарағай отырғызды, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімдігіне сілтеме жасап.
Алтын орда ауданында бос жатқан алаңқайды шағын қарағайлы саябаққа айналдыру ниетімен ақтөбелік кәсіпкер Қайыржан Таңатаров ұсыныс білдірді. Қазақстанның солтүстік аймағынан биіктігі 1,5 метр болатын жас қарағайларды сатып алып келді. Ол бұл шараны қаламызды көгалдандыру челленджі деп жариялап, ақтөбелік кәсіпкерлерге жолдап, үндеу тастады.
Өзінің тұрған жерін абаттандыруға, жасыл желек егуге мүмкіндігі болса, әр адам үлес қосуы керек. Мен осы ауданда тұрамын, күн сайын осы жермен жаяу жүремін. Алтын орда ауданы жаңадан салынып жатыр, жолдар, тротуарлар төселіп, реттеліп келеді. Енді жасыл желек аз деп ойлап, осы бос жатқан жерді қарағайлы саябақ жасайық деп қалалық әкімдікке ұсыныс тастадым. Мені олар қолдады, осы іс-шараны ұйымдастыруға мүмкіндік жасады. Ешкімді бүгін қолынан сүйреп әкелген жоқпын. Әлеуметтік желіде хабарландыру бердім, жастар, өзге де тұрғындар өздері келіп ағаш отырғызуға қатысып жатыр. Енді бұл челленжді басқа кәсіпкерлер жалғастырып, қаламызды көркейтуге үлес қосса екен деп ойлаймын. Әрі бұл біздің Президент жариялаған “Таза Қазақстан” жалпыұлттық акциясына қосқан үлесіміз, - деді Қайыржан Таңатаров.
Кәсіпкер бұл жерде скважина қазылып, суару жүйесі жасалатынын айтты. Сонымен қоса, орындықтар, кіші сәулет нысандары қойылып абаттандырылады, тағы да қосымша қарағайлар егіледі.
Бұл іс-шараға өз еріктерімен үлес қосқан жастар үшін - үлгі боларлық бастама. Ал көгалдандыру мамандары бұл ағаштар Ақтөбенің климатын жерсініп, тез бой алып кететініне сенімді.