Ақтөбеде неге автогаз тапшы

30 Қазан 2024, 18:44
400
Бөлісу:
Ақтөбеде неге автогаз тапшы
Фото: автордан

Ақтөбелік жүргізушілер көліктеріне газ құю үшін сағаттап кезекте тұруға мәжбүр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Биыл облыс орталығында шілде-тамыз айларында газ тапшылығы байқалып, жүргізушілер шағымданған-ды. Енді, міне, қазан айында тағы да газ бекеттерінде ұзын-сонар кезек.

Такси жүргізушісі Әнуар Жүгінісов 28 қазан күні газ бекетінде үш сағат кезекте тұрғанын айтады. Оның айтуынша, түнгі мезгілде ғана кезекте көліктер азаяды.

Қазір қай бекетке барсаңыз, «газ — талонмен» деп жазып қойған. Мекеменің көліктері талонмен алып кетеді, ал біз бірнеше сағат бойы кезекте тұруға мәжбүрміз. Бұл мәселе қашан шешіледі? Бұл мәселе жыл сайын қайталана бере ме? — деп шағымданды қала тұрғыны.   

Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаевтың айтуынша, Энергетика министрлігі биыл қазан айына Ақтөбе облысы үшін 11 388 тонна газ бөлген. 

28 қазандағы жағдай бойынша өңірге 10 615 тонна газ жөнелтілген. Дегенмен бұл өңірге аздық етеді. Себебі облыста газ тұтынатын көліктер саны көбейген.

Газ тапшылығының себептерінің бірі — бензинмен баға айырмашылығына байланысты оны тұтыну көлемінің өсуі. Жалпы, облыстың сұйытылған мұнай газына деген қажеттілік көлемі — 17 000 тонна. Осы айда Ақтөбе облысына министрлік 11 388 тонна газ бөлді, бұл — қажеттіліктің 67 пайызы ғана. Біз аталған мәселені шешу үшін «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-мен қараша айына газ көлемін артығымен жөнелту туралы мәселені пысықтадық. 28 қазан күні жергілікті зауыттардан автомен 250 тонна сұйытылған мұнай газы жөнелтілді, — дейді Салықбаев.

Оның айтуынша, 31 қазанда «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ зауытынан Ақтөбеге 1296 тонна сұйытылған газ келеді. Сондай-ақ, Шымкенттегі «ПетроҚазақстанОйлПродактс» зауыты өңірге 900 тонна газ бөлген.

Өзгелердің жаңалығы