Ақтөбеде мектеп есепшілері өздеріне артық қаржы аударған

Бөлісу:
Ақтөбеде мектеп есепшілері өздеріне артық қаржы аударған
Фото: Арман Мухатов - архив

Ақтөбеде үш мектептің есепшілері өздеріне заңсыз 27 млн теңге қаржы аударған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ақтөбе облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Сәкен Қасымов айтып берді.

Өткен жылдың желтоқсан айында департамент мамандары Ақтөбе қаласындағы №5 орта мектеп, №57 орта мектеп және Бауыржан Момышұлы атындағы №62 орта мектепке жоспардан тыс аудиторлық тексеріс жүргізген. Ондағы мақсат — мектептердің бас есепшісі мен есепшілерінің еңбекақыларды дұрыс есептеуін тексеру. Нәтижесінде 27 миллион 537 мың 900 теңгеге бұзушылықтар анықталды, - дейді ол. 

Белгілі болғандай, №5 орта мектепті тексеру кезінде 21 млн 308,8 мың теңгеге бұзушылықтар анықталса, №57 орта мектептің есепшілері өздеріне 5 млн 606,7 мың теңге көлемінде артық еңбекақы аударған. Ал №62 орта мектептің есепшілері 622,4 мың теңгеге бұзушылықтар жасаған.

Аталған қаражат ішінде қаржылық және рәсімдік бұзушылықтар бар. Біз заң бұзушылықтарға жол бергендердің жауапкершілігін қарау туралы мектептерге нұсқама жібердік. Нәтижесінде №5 орта мектеп бойынша 10 миллион 481,2 мың теңгенің 670 мың теңгесі бюджетке қайтарылды, қалған қаржыны өндіру бойынша мектеп тарапынан сотқа талап-арыз берілді. Ал №57 мектеп бойынша 406,7 мың теңгенің 237,0 мың теңгесі қазынаға қайтарылды. Қалған қаражатты қайтару бойынша мектеп басшылығы сотқа талап-арыз берді. Сондай-ақ №62 мектеп бойынша заңсыз аударылған қаржы бюджетке толықтай өтелді, - дейді С.Қасымов. 

Бір қызығы, департаментке үш мектепті тексеруге қалалық білім бөлімінен арнайы хат келген. Кейін білім бөлімінің жаңа басшысы аталған хатты кері жіберуін сұраған. Алайда оның бұл қылығын аудиторлар түсінбей отыр. 

Өзгелердің жаңалығы