Ақтөбе облысында балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің екі директоры бюджет қаражатын букмекерлік кеңселердегі ұтыс ойындарына салған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ақтөбе облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Белгілі болғандай, облыстағы жасөспірімдерді спортқа дайындайтын екі балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директорлары спорт алаңдары және залдарды жалға беру қызметтерінен бюджетке түсетін қаражатты жымқырған.
Жалпы мөлшері 12 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын спорт мектебінің басшылары жеке қажеттіліктеріне, оның ішінде букмекерлік кеңселердегі ұтыс ойындарына салып жіберген. Бұл дерек бойынша прокуратурада екі қылмыстық іс тіркелді. Бұл істі облыстық экономикалық тергеу департаменті тергеп-тексерді. Тергеу 10 қаңтарда аяқталды. Іс сотқа жолданды, - дейді облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Біз бұл дерек бойынша Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына хабарластық.
Басқарма басшысының орынбасары Шыңғыс Шоқпытовтың айтуынша, қылмыстық іс белгілі болғаннан кейін екі спорт мектебінің директоры жұмыстан босатылған. Қазір бұл спорт мектептеріне жаңа басшылар тағайындалған.
Бұл екі лауазымды тұлға Ақтөбе қаласындағы №5 және №8 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін басқарған. Спорт нысанының біреуі Есет батыр көшесінде орналасса, екіншісі 11-шағын ауданда орналасқан, - дейді Шыңғыс Шоқпытов.