Ақтөбеде мектеп ата-аналары неге шу шығарды?

Бөлісу:
Ақтөбеде мектеп ата-аналары неге шу шығарды?
Фото: pixabay.com

Ақтөбе қаласындағы орта мектептердің бірінде оқушылар медициналық тексерістен өткеннен кейін ата-аналар шу шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Белгілі болғандай, бірқатар ата-аналар әлеуметтік желіге балаларының медициналық тексерістен өтетінінен бейхабар екенін жазса, бір топ ата-ана тексеріс кезінде дәрігерлер тарапынан бұзушылықтар болғанын жеткізді. 

Ата-аналардың айтуынша, оқушыларды тексергенде медицина қызметкерлері қолғаптарын ауыстырмаған, сондай-ақ тексеріс санитарлық талапқа сай емес бөлмеде жүргізілген. 

Біз аталған жағдайға байланысты Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасына хабарластық. 

№14 орта мектеп ата-аналарының өтініші негізінде Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы ішкі қызметтік тексеру жүргізді. Нәтижесі ата-аналарға жазбаша түрде хабарланады. Жалпы, аталған профилактикалық тексеріс Ақтөбе қаласының білім бөлімі арқылы бекітіліп, кәмелетке толмаған мектеп оқушыларының ата-аналарына хабарланды. Медициналық тексеруден өтуге арналған үй-жайды мектеп әкімшілігі қамтамасыз етті,-дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Әлия Шарбакова.

Оның айтуынша, медициналық тексеру инвазивті емес. Яғни, қан алу немесе биологиялық сұйықтықтармен ешқандай манипуляция болмаған. Сол үшін медициналық тексеру арнайы үй-жайды қажет етпейді. Ең бастысы, балалар үшін қолайлы температура қамтамасыз етілген. Сондықтан дәрігерлер акт залында сараптама жүргізуге келіскен. Сәйкесінше, қауіпсіздік пен балалардың жеке кеңістігін қорғау үшін экрандар орнатылған.

Айта кету керек, профилактикалық тексерістен №14 орта мектептің 3,4,8-сыныбында оқитын 98 оқушы өткен.

Өзгелердің жаңалығы