Ақтөбе облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбеде кеше түнде денесі табылған баланы иттердің талап тастағаны белгілі болды.
Көз жұмған 12 жастағы Мадияр Шәкірат Есет батыр тұрғын алабындағы №60 орта мектептің 6 сыныбында оқыған. Отбасында үш баланың ортаншысы екен.Үш бала да осы мектепте білім алады.
Кеше бұл оқиға туралы сағат 23.00-лер шамасында білдім. Сол жерге барғанмен мені полицейлер жіберген жоқ. Сынып жетекшілері бұл жағдайды естіп баланың кім екенін зерттеді. Баланың анасы Заречный полиция бөлімшесіне барып, денесін анықтаған, -дейді №60 мектептің директоры Абзал Тәжімішев.
Оның айтуынша, Мадияр Шәкірат - мінезі тұйық, бұзақылықпен ісі жоқ, оқу үлгерімі орташа оқушы. Бұрын ата-анасына ұстаздар тарапынан ешқандай шағым айтылмаған.
Осындай жағдайдың болғанына қатты қайғырдық. Бүгін баланың үйіне барып,атасымен, анасымен көрістім. Мадиярдың атасы баланың өмірі қымбат па, иттің өмірі қымбат па деп жылап жатыр,- дейді мектеп директоры.
Қазір Есет батыр ауданының тұрғындары бұралқы иттердің көбейгенін айтып, шу көтеріп жатыр. Алайда құзырлы органдар әзірге ешқандай шара қолданбай отыр. Әлгі баланы талаған иттер де табылмапты.
Еске сала кетейік, кеше түнде Ақтөбе қаласы Есет батыр тұрғын алабындағы құрылыс алаңдарының бірінен 12 жастағы баланың мәйіті табылған болатын.