Ақтөбеде кәсіпорындардағы жазатайым оқиғалардан 6 адам көз жұмды

Бүгiн, 17:17
137
Бөлісу:
Ақтөбеде кәсіпорындардағы жазатайым оқиғалардан 6 адам көз жұмды
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив

Ақтөбе облысында жыл басынан бері кәсіпорындарда болған жазатайым оқиғалар салдарынан 6 адам көз жұмып, 20 жұмысшы мүгедектікке шыққан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы Жандос Әлімовтің айтуынша, былтыр да осындай оқыс оқиғалар салдарынан 11 адам қаза тапты.

Биылғы 9 ай ішінде Ақтөбе облысындағы кәсіпорындар мен өндіріс орындарында жалпы саны 48 қайғылы жағдай орын алды. Соның салдарынан 51 адам зардап шекті. Оның ішінде биыл алты адам көз жұмып, 20 жұмысшы әр түрлі жарақат алуына байланысты бірнеше санат бойынша мүгедектікке шықты. Осы оқыс оқиғалардың негізінде облыстық полиция департаментіне 50 материал жолданды. Бұл материалдарды алдағы уақытта құқық қорғау органдары қарайтын болады, — дейді Жандос Әлімов. 

Оның айтуынша, 2023 жылы облыстағы кәсіпорындарда 51 қайғылы оқиға тіркелген. Нәтижесінде 57 адам зардап шеккен. 

Осы аптада облыстағы Ақтөбе хром қосындылары зауытының жұмысшылары наразылық шеруіне шықты. Олар осы айда аз жалақы алатынына өздерінің наразылықтарын білдірді.

Зауыт жұмысшылары соңғы екі айда өндіріс көлемі азайып, айлық төмендегенін айтып, соданың жоқтығынан қыркүйектің соңғы 5 күнінде жұмыс қарқыны тоқтап қалғанын жеткізді. Зауыт басшылығы бұл жағдайға Ресейден шикізаттың келмеуі себеп болғанын түсіндірді.

Бұл мәселе осы апта шешіледі. Бұл дау жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы қаржылық жағдайға байланысты келіспеушілік салдарынан болды. Зауыт басшылығы бұл мәселені шешеді, — дейді басқарма басшысы.

Айта кету керек, аталған зауыт қызметкерлері бұған дейін де еңбекақыны көтеру, кәсіпорындағы бірқатар мәселелерді шешу бойынша наразылық танытқан болатын.

Өзгелердің жаңалығы