Ақтөбеде халық ұзақ жыл күткен мектеп пайдалануға берілді

Бүгiн, 02:26
123
Бөлісу:
Ақтөбеде халық ұзақ жыл күткен мектеп пайдалануға берілді
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Ақтөбеде халық ұзақ жыл күткен мектеп пайдалануға берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ өңір әкімдігіне сілтеме жасап.

2020 жылдан бері оқушылар түрлі ғимараттарда оқуға мәжбүр болған еді. Көпшілік көптен күткен білім ордасының есігі айқара ашылды.

Мемлекет басшысының еліміздегі үшауысымды және апатты мектептер санын азайту туралы тапсырмасы Ақтөбе өңірінде сәтті жүзеге асуда. Әйтеке би ауданының орталығы Темірбек Жүргенов ауылындағы жаңа мектептің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді.

Білім ордасының ашылу салтанатына Ақтөбе облысы білім басқармасының басшысы Сұлтан Жайық, аудан әкімі Дәулетияр Тоғызбаев және ауыл тұрғындары қатысты.

Іс-шараның салтанатты рәсімінде Комсомол орта мектебінде 28 жыл директор болған В.Ф Галуцкий және мектептің ардагер ұстазы 92 жастағы Р.Маханов құттықтау сөз сөйледі. Мектеп ұжымына және оқушыларға ақ баталарын берді.

Ескі, апатты деп танылған Комсомол жалпы орта мектебіндегі 420 бала енді жаңа оқу ордасында білім алуды жалғастырады.

270 орындық Комсомол жалпы орта білім беретін мектебі екі ауысымда 540 оқушыға білім беруге қауқарлы. Мектепте 78 орындық асхана, ер балалар мен қыздарға арналған технология кабинеті, кең спорт және акт залдары, сыртқы спорт және ойын алаңдары бар.

Айтып өтейік, былтыр қазан айында облыс әкімі Асхат Шахаров мектеп құрылысын сапалы әрі биылғы оқу жылында халық игілігіне тапсыруды Құрылыс басқармасына міндеттеген еді. Мектеп құрылысы өңір басшысының қадағалауында болды.

Салынған мектептің жалпы аумағы 5991,6 шаршы метрді, көлемі 4895 шаршы метрді құрайды.

Өзгелердің жаңалығы