Ақтөбе облысында ет бағасы қымбаттады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазір облыс орталығындағы сауда орындарына барсаңыз, ет бағасы шарықтап тұр. Сатушылар бағаның өсуі қыс ортасындағы өнімнің азаюымен байланыстырады. Себебі қазір көрші елдерден келетін ет азайған. Мәселен, Ақтөбе қаласындағы “Табыс” коммуналдық базарында сиыр етінің бір келісі - 2500-3000, жылқы еті - 3500-3700, қой еті 2200-2500 теңгеден сатылып жатыр. Сондай-ақ халық көп баратын ескі қаладағы Орталық базарда да баға осындай.
Жаңа жылдан кейін еттің бағасы қымбаттап кетті. Бұрын базарға барған сайын 15-20 келі ет сатып алатын едім. Қазір сиыр еті 3 мың теңгеге жеткен. Шаруалардың бейнетін ескерсек, дұрыс шығар. Дегенмен жалақы көтерілмей, бағаның бұлай шарықтауы қарапайым халықты қатты алаңдатады. Еттен бөлек, қазір картоптың бағасы да қымбат, бір келісі — 380-390 теңге, - дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Алма Шымбаева.
“Табыс” коммуналдық базарының өкілі Едіге Жалғасбаев сауда орнындағы бағаға жергілікті атқарушы органдар бақылау жүргізетінін айтады. Оның айтуынша, базарға келетін ет азайған соң бағаның өсуі де қалыпты, бір жағынан, шаруалар жол шығынын да есептейді.
Біз бағаның өсуіне орай кәсіпкерлік басқармасына хабарласқанбыз. Мамандар өңірде сиыр етіне ғана мониторинг жүргізілетінін жеткізді.
Биыл “обороттық схема” аясында “Ақтөбе” ӘКК” АҚ мен “Арман-М” шаруа қожалығы арасында 750 тонна сиыр етін (жауырын-кеуде бөлігі) жеткізу бойынша келісімшарт жасалды. Сиыр еті “Анвар”, “Дина” сауда желілеріне, “Табыс” коммуналдық базарына, “Топатай” дүкеніне бір келісі 1750 теңгеден жеткізіліп, 1840 теңгеден сатылуда, - дейді бөлім басшысы Нұрғалым Сағитжан.
Ең қызығы, сауда орындарында мұндай баға байқалмайды.