Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ақтөбеде ерекше балаларды тәрбиелейтін жалғыз балабақша бар

22 Сәуір 2025, 18:25
1114
Бөлісу:
 автордан
Фото: автордан

Ақтөбеде соңғы жылдары көру және есту қабілеті бұзылған балалардың саны артқан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Дәрігерлер мектеп жасына дейінгі балалардың көру және есту қабілетінің бұзылуы ең алдымен, тұқым қуалаушылықтан, содан кейін аналардың жүкті кезінде дұрыс күтінбеуінен, сонымен қатар балалардың смартфон және планшет қолдануы салдарынан пайда болатынын айтады. Шынымен де қазір әр үйдегі баланың қолынан ұялы телефон көруге болады. Тіпті, бірқатар ата-аналар баласына жыламасын деп қолына смартфон ұстатып қояды. Ал ерте жастан смартфон мен планшетті ұзақ уақыт қарау балалардың нәзік әрі толық дамымаған көз тамырларына үлкен зиян келтіреді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мамандарының берген мәліметіне сүйенсек, бүгінде Ақтөбе облысындағы аудандарда түрлі көру қабілеті бұзылыстары бар 276 бала диспансерлік есепте тұр. Ал өңірде 0-18 жас аралығындағы 354 баланың құлағының мүкістігі бар. Жалпы, облыс бойынша есту қабілеті бұзылған 1015 адам тіркелген.

Төрт топта 48 бала оқиды

Ақтөбе қаласындағы “Ақбота” балабақшасы — осындай сөйлеу тілінде күрделі бұзылыстары бар және көру қабілеті бұзылған балаларды тәрбиелейтін жалғыз мектепке дейінгі білім беру ұйымы. Мұнда сөйлеу тілінде күрделі өзгешеліктері бар және көру қабілеті нашар 120 бала бар.

Қазір балабақшамыздағы 120 баланың 48-інің көру қабілеті бұзылған, сол сияқты 10 бала сөйлей алмайды. Олармен үнемі тәжірибелі мамандар жұмыс жүргізеді. Негізінен, мұндағы тәрбиеленушілерге көру жүйкесінің семуі, нашар көру, миопия, нистагм, астигматизм, үйлескен қылилық, шашыранды және қитарланған қылилық, көз торының колобомасы сияқты диагноздар қойылған. Қазір мекемемізде офтальмолог-дәрігер, медбике-ортоптист, тифлопедагог, психолог және дефектологтар жұмыс істейді. Балабақша балалардың көру қабілетін тексеру және диагностикалау үшін автокераторефрактометр, саңылаулы шам, скиоскопиялық сызғыштар, тікелей офтальмоскоп, көзілдірікті таңдауға арналған оптикалық линзалар жинағы, түс сынағы сияқты барлық құрылғылармен жабдықталған, - дейді балабақша меңгерушісі Жансая Измаева.

Ақтөбеде ерекше балаларды тәрбиелейтін жалғыз балабақша бар

Оның айтуынша, көзі нашар көретін балаларды емдеуді медбике-ортоптист жүргізеді. Бұл ретте балабақша амблиокор, синоптофор, амблиотренер, т.б. арнайы аппараттармен қамтылған. Мамандардың кабинеттері бірінші қабатта орналасқан. Ал екінші қабатта сөйлеу тілінде бұзылысы бар балалар ем алады.

Бұдан бөлек, аталған ұйымда тифлопедагогикалық қызмет жұмыс істейді. Бұл қызметтің басты мақсаты — психикалық функциялардың дамуымен қатар визуалды қабылдаудың сенсорлық-спецификалық және тану процестерінің бұзылуын емдеу. Мұндай емдеу курсын жетекші маман — тифлопедагог жүргізеді.

Бұл мекемеде бес жылдан бері жұмыс істеп келемін. Көзі көрмейтін балалардың барлығымен жұмыс жүргіземін. Негізінен, мұнда көру түйсігі, кеңістікті және әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау, ұсақ моторика және түйсік бағыттары бойынша түзету дәрістерін өткіземін. Медбике-ортоптистпен бірге бір күн ішінде балаларға 3-5 реттен аккомадация, қан тамырлары және көз бұлшықеттері бағыттары бойынша көз гимнастикасын жасатамыз. Тифлоқызмет командасының жүйелі жұмысы көру қабілеті бұзылған балаларымызға жақсы нәтиже береді. Біздің мамандар көзге арналған гимнастика әдістемесін меңгерген, бұл көру анализаторы визусының жақсаруына оң әсер етеді, - дейді тифлопедагог Әйгерім Куйкенова.

Ақтөбеде ерекше балаларды тәрбиелейтін жалғыз балабақша бар

Кезекте тұрғандар саны көп

Балабақша меңгерушісі Жансая Измаеваның айтуынша, тәрбиеленушілер ерекше балалар болғандықтан, олар ерекше күтімді, қамқорлық пен мейірімділікті қажет етеді. Бұл жерде балалар бірлесіп ойнайды, серуендеуге шығады, білім алады, тәрбиелік іс-шараларға атсалысады. Бұл орайда балабақшада аппарат бөлмесі, плеоптикалық монтессори, психолог, логопед, тифлопедагог кабинеттері, музыка және спорт залдары бар. Дегенмен олар өзге балалар сияқты емін-еркін жүгіріп, көшеге шыға алмайды.

Біздің балаларымыздың бәрі тәртіпті, жан-жақты. Көзі нашар көрсе де би билеп, ән айтып, өз топтарында бір-бірімен ойнайды. Күн тәртібіне сәйкес, күніне бірнеше рет емдеу курсынан өтеді, тамақ ішіп, тынығады, топта ойындарға қатысады. Дегенмен олардың мектепке барғанша аяқ жолы мен жан-жағын көріп, емін-еркін жүруіне жағдай жасау көп уақыт алады. Ата-аналардың көбі біздің балабақшаға балаларын бергенде ерекше үмітпен келеді. Себебі қала бойынша біздің ұйымда ғана көзі көрмейтін немесе нашар көретін балаларға арналған арнайы аппараттар бар. Атап айтсақ, 2019 жылы облыс әкімінің тікелей қолдауымен балабақшамызға “Амблиокор-01” аппараты берілді. Содан бері осы құрылғының арқасында тәрбиеленушілеріміз бейне-компьютерлік аутотренинг әдісімен емделуде. Бүгінге дейін осы аппарат арқылы жүзге жуық бала ем алған. Нәтижесінде олардың көру қабілеті жақсарды, - дейді Жансая Измаева.

Оның айтуынша, қазіргі таңда “Ақботада” көзі мүлдем көрмейтін бір және жанары 5-10 пайыз ғана көретін 4 бала бар. Қалғанының көз жанары нашар көреді. Мұнда балалар қазақ және орыс топтарына бөлінген. Төрт топта 3-6 жастағы 12 баладан жалпы саны 48 бала тәрбиеленуде. Оларды жан-жақты, жоғары білімі бар, тәжірибелі тәрбиешілер қарайды. Ал жалпы балабақшада 34 педагог бар.

Негізінен, “Ақбота” балабақшасына балалар медициналық мекемелер арқылы психолого-медико-педагогикалық комиссиядан өтіп келеді. Қазір облыста осындай 4 комиссия жұмыс істейді.

Ақтөбеде ерекше балаларды тәрбиелейтін жалғыз балабақша бар

Жансая Измаева өз сөзінде қазір балабақшаға кезекте тұрғандар саны көп екенін, әсіресе, 2021-2022 жылы туған балалардың ата-аналары келіп, сұраныс жасап жатқанын жеткізді. Өкінішке қарай, соңғы жылдары мұнда баласын әкелгісі келетіндер саны артқан. Бұл көзі нашар көретін бүлдіршіндер қатары жыл сайын көбейіп бара жатқанын аңғартады.

Біздің балабақшамызда көру қабілеті 0 және 5 пайыз болатын балалармен көп жұмыс жүргіземіз. Мұнда бұған дейін ондаған бала тәрбиеленді. Қазір олардың алды 6-сыныпта оқып жатыр. Мұнда ештеңе көрмей, білмей келген балалар уақыт өте емдеу шараларының арқасында оқып, жазып үйренеді, жаңа дүниелерді білуге ұмтылады. Негізі, көзі көрмейтін балалардың басқа дене мүшелері жақсы дамиды. Сондықтан оларға өзара әңгімелесіп, ойнауына, гимнастика жасауына, сыртқа шығып, серуендеуіне ешқандай шектеу қойылмайды, - дейді балабақша меңгерушісі.

Ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіледі

Биыл шілде айында балабақша ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жөндеу жұмыстары 1 қыркүйекке дейін аяқталуы керек.

Балабақша ғимараты сонау 1985 жылы салынған. Одан бергіде ағымдағы жөндеу жұмыстары ғана жүргізілген. Қазір ғимараттағы электр желілері мен жылу құбырлары тозып тұр. Олардың барлығын ауыстыру керек. Жауапты органдар күрделі жөндеу жұмыстары 1 шілдеде басталатынын, ал оны аяқтауға мердігер ұйымға 4 ай 15 күн уақыт беріп отырғанын жеткізді. Алайда облыс әкімі құрылыс жұмыстарын 1 қыркүйек — жаңа оқу жылына дейін аяқтауды тапсырып отыр. Біз үшін мерзімінен бұрын жөндеу жұмыстарының сапалы жүргізілгені керек. Өйткені қаншама жылдан бері электр желілерінен, жылу құбырларынан зардап шегіп келеміз. Біз жөндеу жұмыстары жайлы ата-аналарға айттық. Олар үш-төрт ай балаларын өздері қарап немесе ата-әжелеріне апаратын болды, - дейді Жансая Измаева.

“Мекемеге жаңа аппараттар керек”

Әңгіме барысында балабақша меңгерушісі балаларды емдеп, диагностика жүргізетін құрал-жабдықтардың ескіргенін жеткізді. Мәселен, қазір мекемеге синаптофор керек. Бұл — бинокулярлық көру бұзылыстарын түзету арқылы страбизмді диагностикалауға және аппараттық емдеуге арналған заманауи құрылғы.

Жоғарыда атап өткендей, балабақшамызға жаңа құрылғылар 2019 жылы алынды. Одан кейін диагностика жасайтын аппараттарды алдық. Ол кезде офтальмологияда көру өткірлігін қалпына келтіру немесе жақсарту мақсатында қолданылатын құрылғы — амблиокор 21 миллион теңге тұрды. Аппарат Украинаның Киев қаласында шығарылған. Қазір бұл елде болып жатқан жағдайға байланысты аппарат шығаратын зауыттар жабылып жатқанын естідік. Соңғы кезде біз сияқты мекемелерге аппараттар Қытайдан әкелінетін болды. Биыл синоптофор деген аппаратты алуға тапсырыс бердік. Жаңа құрылғылар көп ұзамай келсе, жақсы болар еді, - дейді Жансая Жұмабергенқызы.

Биыл "Ақбота" балабақшасы “Дара бала” қорымен ынтымақтастық меморандумға қол қойған. Осы меморандум аясында аталған қор балабақшаға түрлі әдістемелік материалдар, балаларға қажет ойыншықтар әкеп берген.

Ақтөбеде ерекше балаларды тәрбиелейтін жалғыз балабақша бар

Балабақша меңгерушісінің айтуынша, мұндағы балалар көзі көрмесе де заманауи гаджеттер мен сенсорлы аппараттарды қажет етеді. Олар қағазға, ойыншықтарға қызықпайды.

Біздің тәрбиеленушілеріміз өзге дені сау балалар сияқты жаңа технологияларды қолданып, оқу процесінде пайдаланғысы келеді. Мұның оларға болашақта пайдасы зор. Себебі балалар мектепке жаңа технологияларды меңгеріп баруы керек, - дейді ол.

Бір үйдің қос бұзығы

Бүгінде "Ақбота" балабақшасының “Әлем” тобында бір үйдің қос бұзығы — егіздер Ғизат пен Томирис білім алуда. Олар балабақшаға былтыр қабылданған. Қазір екеуінің жасы — 4-те.

Топ тәрбиешісі Мәдина Хайреденованың айтуынша, егіздер өте алғыр, пысық, тату. Олар топтағы қатарластарымен бірге ойнайды, гимнастика жасайды, серуендейді, бір-бірімен әңгімелеседі.

Олар басында көп қозғалмайтын, сөйлемейтін. Қазір өте белсенді. Олар — отбасындағы үш баланың кішісі. Ата-аналарының айтуынша, балабақшаға келгелі бүлдіршіндердің көруі жақсарған, яғни ілгерілеу бар, - дейді ол.

Ал медбике-ортоптист Әлия Жалашеваның айтуынша, балаларға күніне төрт рет кешенді түрде ем жүргізу олардың денсаулығын нығайтып, көруіне жақсы ықпал етеді.

Кешенді ем жүргізу бірнеше бағытқа бөлінеді. Олар: қан айналымын дұрыстау, бұлшықеттерді жаттықтыру, қылилығы бар балаларға көмек көрсету.

Біз ата-аналарға балалардың үйде ұялы телефон, гаджет қолданбау қажеттігін үнемі ескертіп отырамыз. Оларға бір сағат қана теледидар көруге рұқсат. Жалпы, көзі нашар көретіндерді де, дені сау балаларды да мұндай электроника құралдарынан шектеу керек. Себебі телефонның да, компьютердің де бала денсаулығына зияны көп. Ата-аналарға маман ретінде айтарым: балаларыңызбен таза ауада серуендеңіздер, отырып әңгіме айтыңыздар, ойын ойнап, қызықты сурет салыңыздар. Барынша мектеп жасына дейінгі балалардың көзіне салмақ түсірмеу үшін зиянды дүниелерден алшақ ұстаңыздар, - дейді Әлия Жалашева.

Оның айтуынша, қазір балабақша тәрбиеленушілері арасындағы қылилық, алыстан не жақыннан көрмеушілік, нашар көру, т.б. диагноздар көп жағдайда тұқым қуалаушылықтан болады. Ал жүре пайда болған аурулар соққыдан, түрлі асқынулардан туындайды. Сол үшін баланы сәби кезінен бастап дәрігерге апарып, оның көру қабілетін тексертіп, емдеу қажет. Сөздің қысқасы, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген абзал.

“Ақбота” балабақшасында тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндер бір-бірін жақсы түсінеді. Олар әрдайым бір-біріне қамқор. Мұндағы тәрбиешілер мен мамандар да балаларға үнемі қолдау көрсетіп, олардың уақытымен ем қабылдауына ықпал етіп отырады. Мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп қана қоймай, олардың өмірге, қоғамға бейімделуіне өз үлесін қосып жүрген ұжымның еңбегі зор. Ендеше біз аталған ұжымға жаңа жетістіктер мен толағай табыстар тілейміз.

Өзгелердің жаңалығы