Ақтөбе қаласында полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел іздестіру шаралары кезінде әйел адамның ақша бопсалаумен айналысқаны анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тексеру барысында ақтөбелік бойжеткен 54 жастағы қала тұрғынын қорқытып, ер адамнан 450 мың теңге көлемінде ақша бопсалағаны белгілі болды.
Әйел жәбірленушіні өзін "зорлады" деп құқық қорғау органдарына арызданатынын айтып қорқытқан. Жедел іздестіру барысында 28 жастағы күдікті анықталып, жәбірленушіден ақшаны алған кезінде ұсталды. Бойжеткен полиция бөліміне жеткізіліп, бопсалап алынған ақша қаражаты тәркіленді. Ол кінәсін мойындап, мұндай қадамға пайдакүнемдік мақсатта барғанын жеткізді. Бопсалау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, – деді ҚР ІІМ баспасөз қызметінен.
Өзінің заңсыз әрекеті үшін ақтөбелік тұрғын мүлкi тәркiленiп немесе төрт жылға дейiнгi мерзiмге бостандығынан айыруға дейінгі жазаға тартылуы мүмкін екені де нақтыланады.
Бұған дейін Түркістан облысында емхана басшысынан 1 млн теңге талап еткен блогер ұсталғанын хабарлағанбыз.