Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ақтөбеде әйелін ұрып өлтірген ер адам 8 жылға сотталды

21 Тамыз 2025, 10:45
2611
Бөлісу:
 BAQ.KZ  - архив
Фото: BAQ.KZ - архив

Ақтөбелік әйел күйеуі бірнеше рет басынан ұрғанынан кейін жансақтау бөлімінде қайтыс болған. Сот оны 8 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жоғарғы соттың баспасөз қызметі мәлем еткендей, тергеу барысында ер адамның әйеліне бірнеше рет басынан соққы жасағаны анықталған. Содан кейін оның жағдайы күрт нашарлаған. Ол төсектен тұра алмай, үйден шықпай қалған.

Алғаш рет жедел жәрдем шақырылғанда дәрігерлер ауруханаға жатқызуды ұсынған. Бірақ жәбірленуші ауруханаға барудан бас тартқан.

Қайтадан жедел жәрдем шақыртылған кезде ол ауруханаға жеткізілген. Алайда ол жансақтау бөлімінде қайтыс болды.

Тергеу барысында айыпталушының бұған дейін де әйеліне күш қолданғаны дәлелденді. Үйде ол әйелін үш рет бетінен ұрған, ал жәбірленуші қорғанбақ болғанда тағы екі соққы жасаған. Әйел соққыдан құлаған, бірақ ол кезде дәрігерге жүгінбеген, – деп жазылған Жоғарғы сот хабарламасында.

Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, әйелдің өліміне миға қан құйылумен бірге болған жабық бас-ми жарақаты және соның салдарынан пайда болған ми ісінуі себеп болған.

Сарапшылардың айтуынша, ауыр жарақат әйелдің қайтыс болуына бір тәулік қалғанда жасалған және ол жеткілікті күшті бір соққыдан пайда болуы мүмкін. 

Жарақаттар құлаудан немесе жәбірленушінің өзі жасаған әрекеттен туындауы мүмкін емес. Оның қанында алкоголь де, есірткі де табылмады, – делінген сот хабарламасында.

Айыпталушы кінәсін ішінара мойындады. Прокурор оған 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сот ер адамды қасақана ауыр дене жарақатын салып, соның салдарынан адам өліміне әкеп соққаны үшін 8 жылға бас бостандығынан айырды.

Сонымен қатар сот Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына жедел жәрдем қызметіндегі анықталған кемшіліктерді жою және мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу туралы жеке қаулы шығарды, – деп мәлімдеді сотта.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Астанада 30 жастағы әйел анасын пышақтап өлтіргені хабарланған. 

Өзгелердің жаңалығы