Ақтөбеде алғаш рет «Сыбаға» фестивалі өтеді

Бүгiн, 16:14
147
Бөлісу:
Ақтөбеде алғаш рет «Сыбаға» фестивалі өтеді
Фото: gov.kz

Ақтөбеде 2-6 желтоқсан аралығында ұлттық дәстүрлерді дәріптеуге бағытталған «Сыбаға» фестивалі өтеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әлібек Байнешов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Спикердің айтуынша, ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, ұрпаққа рухани тәрбие беру және қоғамда бірлік пен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған іс-шара облыста алғаш рет ұйымдастырғалы отыр.

Фестиваль бес күнге созылады. Іс-шара аясында ғылыми-тәжірибелік конференциялар, ұлттық киімдер көрмесі, спорттық жарыстар, гастрономиялық фестивальдер және қайырымдылық акциялары өткізіледі.
Фестивальдің ашылу салтанаты — 2 желтоқсан күні Құдайбергенов Жұбанов атындағы өңірлік университетінің «Мәңгілік ел» конференц-залында өтеді. Университет қабырғасында өтетін «Тағылым»: «Ұлттық рух тұғыры» ғылыми-тәжірибелік конференциясында фестивальдің тарихи аспектілері талқыланады. 3 желтоқсанда «Дәуір дефилесі» ұлттық киімдер сән көрсетілімі және қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі, 4 желтоқсанда «Салбурын-2024» дәстүрлі аңшылық және ұлттық спорт түрлері турнирі, 5 желтоқсанда «Береке» ұлттық тағамдарға арналған гастрономиялық фестиваль, 6 желтоқсанда «Сыбаға» кайырымдылық акциясы ұйымдастырылады,— деді басқарма басшысы.

Бұдан өзге брифингте облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы П.Бимұратов, облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы А.Салықбаев фестиваль аясында өтетін іс-шаралар жоспарын таныстырды. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы А.Юнисова ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге бағытталған іс-шараға жұмыла қатысуға шақырды.

Өзгелердің жаңалығы