Air Astana әуекомпаниясының баспасөз қызметі апаттық жағдайға тап болған КС 866 рейсіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әуекомпанияның жасаған түсініктемесіне сәйкес 16 тамызда Airbus A321 ұшағын сүйрету кезінде шассидің тұмсықтық тірегіндегі бекітпе зақымданған. "Ақтөбе-Алматы" бағыты бойынша КС 866 рейсі алдымен 17 тамызға дейін кешіктіріліп, кейін баламасыз тоқтатылды.
Жолаушыларға билет құнын айыппұлсыз қайтару ұсынылды. Жөндеу жұмыстарын орындау үшін ұшақты жолаушыларсыз Астанаға жеткізу туралы шешім қабылданды, алайда елордалық әуежайдың түнгі уақытта жабылуына байланысты әуекомпания айдау рейсін 19 тамызға қалдыруға мәжбүр, - делінген хабарламада.
Ақтөбеде ұшақтың зақымдануы басқа ондаған рейстердің кешігуіне әкелгенін атап өту қажет.
Бұған дейін 13 тамызда дәл осы компанияның КС 267 "Алматы-Бейжің" рейсін дайындау кезінде ұшақтың есігін тамақ таситын машина зақымданған болатын.