Ақтөбе қаласына қарасты Қарғалы тұрғын алабында 50 жылдан бері асфальт төселмеген көшелер бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қарғалы тұрғын алабының тұрғыны Ербол Бақжановтың айтуынша, бұл аумақта асфальт төселмеген көше көп. Қазір жеңіл автокөліктер ойдым-ойдым жолмен жүруге мәжбүр. Ал күз-көктемде балшықтан жүру мүмкін емес. Әсіресе, балабақша мен мектепке қатынайтын балаларға қиын.
Біз тұратын аумаққа жол салынбағалы қашан? 50 жылдан бері асфальт төселген жоқ. Қазір жол түгілі, жарық та дұрыс емес. Жаңбыр жауып, жел тұрса, жарық өшіп қалады. Одан бөлек, осыдан үш жыл бұрын ауылымызға су құбыры жүргізілген. Алайда көшелердегі су құбырларының бір жүйеге қосылатын жері әлі жасалған жоқ. Жаз айларында су қысымы аз, — дейді ол.
Тұрғындар жолдың «жырын» айтып жыл сайын қала әкімдігіне шағымданады екен. Алайда барлық көше жобаға кіргізілмейді, сондықтан мұндағы тұрғындар «кезек» күтуге мәжбүр.
Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Диас Ілікбаевтың айтуынша, Қарғалы тұрғын алабындағы Пацаев, Әзберген батыр, Советский, Достық, Қарғалы, т.б. көшелерде асфальт жоқ, сондай-ақ осы көшелердегі су құбырының қосылымы жүргізілмеген.
Біз бұл мәселені былтыр көтергенбіз. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі биыл бітіреміз деген, алайда әлі аяқталмай отыр. Ал жолға келсек, аталған бөлім бізге ұсыныс жасап, нақты жобаларды айтса, біз оны қалалық мәслихат сессиясында қарап, қаржы бөлетін боламыз, — дейді Д.Ілікбаев.
Оның айтуынша, су тасқынының алдын алу үшін бұл тұрғын алаптағы Песчанка өзенінің арнасын да тазарту керек. Әйтпесе келер жылы бұл жер тағы суға кетеді.
Біз аталған мәселе бойынша қалалық ТҮШ бөліміне хабарластық, алайда олардан жауап болмады.