Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жоғары оқу орындары мен колледждердің озат әрі белсенді студенттері облыс әкімінің атаулы стипендиясын иеленді.
Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Облыста Жастар ісі жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Жастар кәсіпкерлігін дамыту, Шалқар ауданында жастар саясатын жүзеге асыру және студенттерді шәкіртақымен қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Отырыс барысында облыс әкімі жастарды жан-жақты қолдау бойынша бірқатар тапсырма берді.Жоғары оқу орындары мен колледждердің озат әрі белсенді студенттері облыс әкімінің атаулы стипендиясын иеленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, экономика және бюджеттік жоспарлау, ішкі саясат басқармаларына Ақтөбе қалалық әкімшілігімен бірлесіп, биыл қазан айына дейін өңірдегі жергілікті жастарға арналған жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаны іске қосу мүмкіндігін пысықтау тапсырылды. Бұдан бөлек, облыс әкімі белсенді жастардың бастамаларын қолдау мақсатында Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасын өңірде жыл соңына дейін жүзеге асыруды тапсырды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев баршаңызға жақсы таныс «Тәуелсіздік – ең қымбат» атты мақаласында дарынды жастарды қолдауға көңіл бөлді және осы бағытта бірқатар тапсырма да берді. Олардың қатарында сапалы білім беру, әлеуметтік мәселелерді шешу, соның ішінде тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де бар. Біз өз кезегінде жастар тарапынан үлкен әлеуметтік және азаматтық белсенділікті күтеміз, - деп атап өтті облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
Жалпы атаулы стипендия тағайындауда өңірде волонтерлық қызметтің дамуына үлес қосып жүрген ерікті жастарға және туған өлкенің дамуы үшін қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып журген студенттерге мүмкіндік берілді. Сонымен бірге әлеуметтік осал топтағы жастар мен озат студенттер бар. Жоғары оқу орындары мен колледждерден өтініш білдірген 300-ден астам үміткер студенттің арасынан атаулы стипендияны тағайындау жөніндегі комиссия 188-ін іріктеп алды. Отырыс соңында жоғары және кәсіптік-техникалық оқу орындарының он үздік студентіне сертификат табысталды.