Ақтөбеде 1000-нан астам адам көлігін заңдастырды

2 Ақпан 2023, 16:48
940
Бөлісу:
Ақтөбеде 1000-нан астам адам көлігін заңдастырды
Фото: автордан

Ақтөбе облысында бір апта ішінде бір мыңнан астам адам шетелдік автокөлігін заңдастырып, мемлекеттік нөмір алған, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының процессингтік орталығының басшысы Данияр Сарқұловтың айтуынша, 23 қаңтар-1 ақпан аралығында өңірде 4500-ге жуық адам автокөлігін заңдастыруға өтініш берген. Оның ішінде мыңнан астамы қолына мемлекеттік нөмір алыпты.

Заңдастыруға қатысты әлі де жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл бағытта облыстық полиция департаментінің он қызметкері Ақтөбе қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталықтарында жұмыс жасап, азаматтардың сауалдарына жауап беруде. Қазіргі таңда сарапшы-криминалистер, департамент мамандары мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында көлік құралдарының агрегаттарын салыстыруға арналған ангарда талон алып келген жүргізушілердің автокөліктерді тексеріп жатыр. Бір уақытта ангарға 6 көлік сыяды. Көліктерді тіркетуде ешқандай мәселе жоқ, — дейді ол.

Ал мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы басшысының міндетін атқарушы Самат Төлеуов азаматтар заңдастырудан өту үшін ең алдымен egov.kz порталы арқылы деректерді тексеруге өтініш беруі керектігін айтады. Егер сізге өтінішіңіз қабылданғаны туралы хабарлама келсе, сонда ғана орталыққа көлігіңізді апарып тексеру керек. Егер өтінішіңізге «жоқ» деген жауап келсе, онда Ішкі істер органдарына хабарласып, кеңес алған жөн.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Аян Сатыбалдин 2019 жылы Ресейден «ВАЗ-2110» маркалы көлік сатып алған. Күні кеше ғана ол көлігін тіркетіпті. Ешқандай қиындыққа тап болмағанын айтып, қуанышын жеткізді. 

Бірнеше сағаттың ішінде қолыма мемлекеттік нөмір алдым. Шынымды айтсам, күмәнданып келген едім. Себебі алыпсатарларға сенбеймін, олардың өзге елден көліктерді қалай алып келгенін ешкім білмейді. Бұған дейін шетелдік автокөліктерді тіркету қиын болатынын айтқан-ды. Міне, 200 мың теңгемен мәселе шешіліп отыр. Осы орайда Мемлекет басшысына, орталықтың, полиция департаментінің мамандарына алғысымды айтамын. Енді біз сияқты азаматтарға жеңілдікпен көлік алуға мүмкіндік жасалса нұр үстіне нұр болар еді. Соңғы жаңалықтардан 4 пайызбен автокөлік алуға болатынын, ол үшін арнайы платформаға өтініш қалдыруға болатынын естідім. Дегенмен бұл бағдарламаға қатысу шарттары көңілімнен шықпай отыр, — дейді Аян.

Айта кету керек, жас жігіттің үш баласы бар. Ол отбасын асырау үшін Ресейден алған ескі көлігімен ауылдарға адам тасиды. Ол аптасына 20-25 мың табыс табатынын айтады. Оның ендігі арманы — жаңа әрі сыйымдылығы көп автокөлік сатып алу. 

Өзгелердің жаңалығы