Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың тапсырмасына сәйкес өңірдегі ең ірі жол құрылысы жобаларының бірі – «Ақтөбе-Қандыағаш» республикалық маңызы бар трассасын қайта жаңарту жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жобада жолды 4 жолаққа дейін кеңейту, көпірлер, мал айдау және теміржол арқылы өткел салу көзделген.
11-ден 52 шақырымға дейінгі учаскеде құрылыс-монтаж жұмыстарын «Сине Мидас Строй» ЖШС мердігер компаниясы жүргізуде. Жөндеу жұмыстары белсенді қарқынмен жүруде. Қазіргі уақытта 26 шақырымға асфальттың екі қабаты төселген, қалған 15 шақырым жолдың төменгі қабаты төселіп жатыр. Құрылысқа 310-нан астам жұмысшы мен 170-ке жуық техника жұмылдырылған.
52-ден 100 шақырымға дейінгі учаскенің құрылысын «Ассана ДорСтрой» ЖШС мердігер ұйымы жүргізуде. Аталған учаскелердегі жұмыстардың сапасы мен қарқыны облыс басшылығының тікелей бақылауында.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың күзінде «Ақтөбе – Қандыағаш» жолын қайта жаңарту жобасын өңір басшысы Ералы Тоғжанов ерекше бақылауға алған болатын. Сол кезде жолдың аймақ үшін маңыздылығын ескере отырып, облыс әкімі қысқа мерзімде жолды ашу туралы тапсырма берді. Нәтижесінде, қараша айында автожолдың екі асфальтталған жолағы арқылы екі бағытқа да жол ашылды.