Ақтөбе облысының әкімі Рәбиға Сыздықтың отбасына көңіл айтты

4 Шілде 2020, 17:45
1908
Бөлісу:
Ақтөбе облысының әкімі Рәбиға Сыздықтың отбасына көңіл айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Facebook-тегі парақшасында ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сыздық Рәбиға Сәтіғалиқызының қайтыс болуына байланысты қайғырып көңіл айтты.

Қадірлі ағайын! Жерлесіміз, ана тіліміздің Абызы, қазақ тіл білімінің темірқазығына айналған танымал тұлға, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сыздық Рәбиға Сәтіғалиқызының қайтыс болуына байланысты қайғырып көңіл айтамын. Рәбиға апамыз сияқты біртуар ғалым, қазақ қызының өмір жолына, белестері мен бағындырған асуларына, тынымсыз ізденісіне, ғылымда салған сара жолына тамсанбайтын жан кемде-кем.

Ол ұлт мүддесі үшін аянбай тер төгіп, адал еңбек еткен, қазақ тілі мен әдебиетінің жанашыры, қаншама шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз, артында өшпес із қалдырған абзал жан болатын.

Дегенмен, терең білім-ғылым иесі, әзиз жанның ұлағатты ұрпақтары жалғасып жатқанына шүкіршілік етеміз.

Әулетіне қамқор әже, ортасына сыйлы, жан-жағына мейірім шапағаты мол білікті ғалым Рәбиға Сәтіғалиқызының ізгілікті істері мен жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады.

Артында қалған әулетіне, тума-туыстарына амандық, төзімділік пен сабырлылық тілеймін.

Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ҚР ҒА-ның Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығының иегері, ойшыл ғалым Рәбиға апамыздың артына қалған барша ағайынға, тума-туыстарға көңілқос білдіремін.

Марқұмның иманы саламат болсын!, - деп жазды Ақтөбе облысының әкімі.

Бұған дейін ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Рәбиға Сыздық 96 жасында дүниеден озғаны хабарланды.
Өзгелердің жаңалығы