Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ақтөбе облысындағы "сақалды" құрылыстар қашан пайдалануға беріледі?

16 Мамыр 2025, 17:45
629
Бөлісу:
 автордан
Фото: автордан

Бүгінде Ақтөбе облысында құрылысы ұзаққа созылған 7 нысан бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаевтың айтуынша, биыл Ақтөбе облысында жалпы саны 81 нысанға құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге және 44 жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу үшін бюджеттен 70,7 млрд теңге қарастырылды. Оның ішінде Ұлттық қор есебінен – 27,1 млрд теңге, республикалық бюджеттен – 4,3 млрд теңге, облыстық бюджеттен – 29,9 млрд теңге, облыстық резервтен – 0,3 млрд теңге, арнаулы мемлекеттік қордан 9,1 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаржы тұрғын үй құрылысына, сондай-ақ, әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға жұмсалатын болады.

Тасқынның зардабы: 5 нысан салынады

Нақтырақ айтсақ, биыл облыста білім беру саласында 40 нысанға құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіледі. Бұл мақсатқа бюджеттен 36,7 млрд теңге бөлініп отыр. Оның ішінде 27 нысан ауыспалы болса, 13-і – жаңадан салынатын нысандар.

Ауыспалы құрылыстар қатарында Шилісай мектебі, Ақтөбе қаласындағы №51, №60, №7, №8 мектептерге жапсарлас салынатын ғимараттар, Мәртөк ауданындағы орта мектептің спорт залы, Ембі мектебіндегі спорт зал, Оймауыт мектеп-балабақшасы, Қаракөл ауылындағы орта мектеп спорт залы, Қандыағаш қаласындағы 600 орындық мектеп, Жағабұлақ ауылындағы балабақша, Көтібар ауылындағы мектеп, Ойыл ауданындағы 320 орындық мектеп пен балабақша, Қаратал ауылындағы балабақша, Ащысай мектебі, Көрпе орта мектебінің жылу қазандығы, Олимпиада резерві мектеп-интернаты қазандығы, Болгарка ауылындағы қазандық, Жазық станциясында орта мектеп, Жаңаталап ауылындағы қазандық, Мамыт негізгі мектебіндегі қазандық, Қандыағаш мектебіне инженерлік желілер тарту жобасы, Батыс-2 шағын ауданындағы 2000 және 900 орындық мектепке инженерлік желілер тарту жобасы, Батыс-2 шағын ауданындағы 900 орындық мектепке электр желісі, Бауырластар-3 тұрғын алабындағы инженерлік желілер, т.б. бар.

Ал жаңадан тұрғызылатын 13 жаңа нысанның қатарында Шернияз оқу корпусы, Кеңсахара мектебі, АПК оқу-өндірістік корпусы, Қалыбай мектебі, Достық мектебі, Әйке, Қарашатау, Байтұрасай, Үшқатты, Жамбыл, Сарат, Бұлақ, Қаратаусай мектептерінің қазандықтарының құрылысы бар.

Қазіргі таңда Ақтөбе облысында былтыр тасқын кезінде зардап шеккен 5 білім нысанының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылы Үкімет резервінен бұл мақсатқа 6,2 миллиард теңге қаржы бөлінді. Игерілген қаражат көлемі – 4,2 миллиард теңге. Нысандарды аяқтау үшін биыл қосымша 300 миллион теңге бөлінді, тағы қосымша 1,8 миллиард теңге қажет. Мәселен, аталған бес нысан қатарында Мұғалжар ауданының Көтібар батыр ауылындағы 60 орындық мектеп пен Жағабұлақ ауылындағы 100 орындық балабақша, Ойыл ауданының Ойыл ауылында 150 орынға арналған балабақша мен Ойыл ауылындағы 320 орындық орта мектеп, сондай-ақ Қаратал ауылындағы 60 орындық балабақша құрылысы бар, - дейді басқарма басшысы.

Биыл Ақтөбе облысында медицина саласындағы 19 нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстарына 2,4 млрд теңге бөлініп отыр. Оның ішінде "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында 14 нысан салынса, 4-еуі жаңадан басталатын жобалар. Сондай-ақ биыл спорт саласында 9 нысан бой көтереді. Бұл мақсатқа бюджеттен 5,9 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 7 нысан 2024 жылдан ауыспалы болса, қалған екеуі – жаңадан тұрғызылатын ғимараттар. Сол сияқты облыстың мәдениет саласында – 1, әлеуметтік қамсыздандыру саласында – 3, жұмылдыру дайындығы және төтенше жағдайлар саласында 3 нысан салынатын болады. Бұдан бөлек, мемлекеттік органдар объектілерін дамыту саласында 4 нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстарына 1,2 млрд теңге бөлінген. Бұл 4 нысан да ауыспалы нысандар. Олар: Матай, Әлімбет, Қандыағаш және Ақтөбе қаласындағы әкімшілік ғимараттары.

Проблемалық нысандар құрылысы қашан аяқталады?

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаевтың айтуынша, бүгінгде Ақтөбе облысында проблемалық жеті нысан бар.

Ақтөбе облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен және облыс әкімдігімен өңірдегі құрылысы ұзаққа созылған проблемалық нысандарды аяқтау бойынша басқарма 13 нысанды бекіткен болатын. 2024 жылы олардың ішінде 6 нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған 7 нысан бойынша қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін шешімдер жасалып, құрылыс жұмыстары жалғасуда. Мәселен, бірнеше жылдан бері құрылысы бітпей келе жатқан Ақтөбе қаласына қарасты Шилісай кентіндегі "Шилісай-1" тұрғын алабындағы 600 орындық орта мектепті салу жұмыстары биыл да жалғасуда. Құрылыс жұмыстарын бүгінде мердігер ұйым – "НСК-Строй Баланс" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Жоба құны – 1 775 871,0 мың теңге. Бүгінгі күнге игерілген сомасы – 1,6 миллиард теңге. Нысанды алдағы оқу жылына пайдалануға беру жоспарланып отыр, - дейді Ержан Мұздыбаев.

Екінші нысанМұғалжар ауданы Қандыағаш қаласы Самал шағын ауданындағы 600 орынға арналған орта мектеп. Нысан бойынша құрылыс жұмыстары 2021 жылдан бері жүргізілуде. Мердігер мекеме – "ARS BUILDING" ЖШС. Бұл жоба құрылыс материалдарының қымбаттауы салдарынан жобалық-сметалық құжаттамасына түзетулер енгізіліп, 2023 жылы сараптамадан өтіп, оң қорытындысы алынды. Түзету жүргізілгеннен кейінгі нысанның жалпы құны 2 901,23 млн теңгеге жеткен. Қазіргі таңда бұл сомадан игерілген қаражат мөлшері – 742, 9 млн теңге. Мердігер мекеме қазір жіберілген кемшіліктер бойынша бөлшектеу және қайта құру жұмыстарын жүргізуде. Нысан биыл жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

Үшінші нысан – Байғанин ауданы Жаңажол ауылдық округінің Оймауыт ауылында 150 орынға арналған мектеп-балабақша. Бұл нысанның жалпы құны – 771 968,33 мың теңге.

Нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау бойынша "Абай-Б" ЖШС-мен 2021 жылы 684 746,3 мың теңгеге келісімшарт жасалған. Құрылыс жұмыстары 2021 жылдың 6 желтоқсанында басталған. Алайда 2023 жылдың аяғында "Абай-Б" ЖШС-мен келісімшарт бір жақты бұзылып, аталған ұйымды жосықсыз жеткізуші деп тану туралы басқарма талап-арыз берген. Сот шешіміне сәйкес 126,0 млн теңге көлемінде аванстық төлемді қайтару қанағаттандырылған. Қазіргі таңда нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізілуде. Алайда нысанның қашан қолданысқа берілетіні белгісіз.

Төртінші нысан – Мұғалжар ауданы Ащысай ауылындағы 60 орындық орта мектеп жобасы. Бұл жобаға жауапты мекеме – "Ынтымақ Бес-Арыс" ЖШС. Жаңа мектеп алдағы оқу жылында пайдалануға берілмек.

Бесінші нысан – Хромтау ауданы Хромтау қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Бұл нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізіліп, 2023 жылы сараптама қорытындысы алынды. Мердігер мекеме "Бабәк-Құрылыс" ЖШС. Жоба құны – 1 158,4 млн теңге. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың шілде айынан бастап жүргізілуде. Нысанды биылғы жылдың III тоқсанында пайдалануға беру жоспарлануда.

Алтыншы нысан – Ақтөбе қаласы Батыс-2 шағын ауданындағы дене мүмкіндіктері шектеулі адамдарға арналған спорт кешені. Бұл кешеннің жобалық-сметалық құжаттамасына түзетулер енгізіліп, 2024 жылдың тамыз айында сараптама қорытындысы алынған. Құрылыс жұмыстарын бүгінде мердігер мекеме “Интерстиль” ЖШС жүргізуде. Биыл жыл аяғына дейін кешен пайдалануға беріледі.

Соңғы нысан – Әйтеке би ауданы Темірбек Жүргенов ауылындағы 150 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Бұл нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізілген. Жобаның жалпы құны – 453,1 млн теңге. Мердігер мекеме – "АСТ-Технология" ЖШС. Құрылыс жұмыстарын аяқтау мақсатында нысан ауданға тапсырылған. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттамасына қайта түзету жұмыстары жүргізіліп, жуырда сараптама қорытындысы алынған. Алдағы уақытта құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін мердігер мекемені анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланады.

Былтыр біз проблемалық нысандарды болдырмау мақсатында жосықсыз мердігер ұйымдармен 7 келісімшартты бұздық. Уақытылы қабылданған шешімдердің нәтижесінде барлық нысан бойынша конкурстық рәсімдер өткізіліп, мердігер мекемелер анықталды. Биыл осы орайда облыс орталығы мен аудандарда жаңа құрылыстар жүргізіледі. Олардың қатарында Мәртөк ауданы Мәртөк ауылы №3 Мәртөк орта мектебіндегі спорт зал, Мұғалжар ауданы Ембі қаласындағы №7 Ембі орта мектебіндегі спорт зал, Шалқар қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Қобда ауданы Көк-үй ауылындағы 1-үлгідегі орман өрт сөндіру станциясы, Байғанин ауданы Матай ауылындағы оқу базасы, Ақтөбе қаласындағы 12-шағын ауданындағы №51 гимназияға қосымша салынатын ғимарат, Мұғалжар ауданы Қаракөл ауылындағы А.Жұбанов атындағы орта мектептің спорт залы бар, - дейді Ержан Мұздыбаев.

Биыл бір млн шаршы метр тұрғын үй беріледі

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Аслан Жарасбаевтың айтуынша, биыл Ақтөбе облысында барлық қаржыландыру көздері есебінен бір миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Оның ішінде 639,0 мың шаршы метрі жеке тұрғын үй болса, 361,0 мың шаршы метрі – көппәтерлі тұрғын үй.

Биыл жыл басынан бері өңірде 235,0 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру жоспарланса, 4 айдың ішінде ақтөбеліктерге 242,7 мың шаршы метр тұрғын қолдануға берілген. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 104,8 пайызға жетіп отыр.

Бүгінде Ақтөбе қаласында несиелік тұрғын үй бойынша құрылысы 2023 жылы басталған 9 жоба жүзеге асырылып жатыр. Құрылыс-монтаж жұмыстары биыл аяқталуға тиіс. Аталған жобаларға 2023-2024 жылдар аралығында мемлекеттік бағалы қағаздар есебінен 19,8 миллиард теңге қаржы бөлінді. Жобаның қуаттылығы – 1448 пәтер және жалпы ауданы 107,2 мың шаршы метр тұрғын үй, - дейді Аслан Жарасбаев.

Оның айтуынша, соңғы кезде өңірде жалдамалы-коммуналдық тұрғын үйлер құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Өкінішке қарай, олардың арасында құрылысы ұзаққа созылған осындай 4 жоба бар. Олар: Есет батыр тұрғын алабындағы №27 үй, Жаңақоныс тұрғын алабындағы 140 пәтерлі жатақхана, Алға ауданындағы 60 пәтерлі үй және Ойыл ауданындағы 8 пәтерлі үй. Бұл жобаларға облыстық бюджеттен 3,0 млрд теңге қаржы бөлінген. Жобалардың жалпы қуаттылығы – 351 пәтер немесе жалпы ауданы 20,4 мың шаршы метр тұрғын үй. Бұл нысандар биыл және келер жылы халық игілігіне беріледі.

Тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында Ақтөбе облысында халықтың әлеуметтік осал топтары үшін пәтерлер сатып алу жобасы да жалғасуда. Мәселен, облыс бойынша тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында халықтың әлеуметтік осал топтары және көпбалалы отбасылар үшін "Самұрық-Қазына" АҚ есебінен 2024 жылы 13,2 млрд теңгеге дайын 872 пәтер сатып алынған. Сондай-ақ осы бағыт бойынша биыл республикалық бюджеттен 3,4 млрд теңгеге 253 пәтер сатып алу жоспарлануда.

Аслан Жарасбаев өз сөзінде облыста білім беру саласында қолға алынып жатқан "Жайлы мектеп" жобасына да тоқталып кетті. Оның айтуынша, бұл жобаның өңірдегі оқушылардың орын тапшылығы, үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін шешудегі маңызы зор. Өңірде 2023 жылдан 2025 жылға дейін аталған ұлттық жоба аясында 11 400 орындық 14 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған. Бүгінде сол жоспар толығымен орындалып жатыр. Мәселен, облыста осы жобаны жүзеге асыруға 2023 жылы Ұлттық қордан 26,7 млрд теңге бөлінсе, 2024 жылы 25,6 млрд теңге игерілген. Ал 2025 жылға 24,8 млрд теңге бөлу жоспарланған.

Былтыр өңірімізде 2300 оқушыға арналған екі мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Олар: Есет батыр-3 тұрғын алабындағы 2 мың орындық мектеп пен Ақжар-2 ауылындағы 300 орынға арналған мектеп. Қалған 9100 орынға арналған 12 мектеп биыл тапсырылады. Олардың қатарында Батыс-2 шағын ауданындағы 2 мың орындық және 900 орындық, Жаңақоныс-2 тұрғын алабындағы 600 орындық, Бауырластар-3 тұрғын алабындағы 600 орындық, Сазды тұрғын алабындағы 300 орындық, Саяжай-1 тұрғын алабындағы 300 орындық, Есет-батыр тұрғын алабындағы 2 мың орындық, Оңтүстік-батыс-2 тұрғын алабындағы 300 орындық, сондай-ақ Темір ауданы Кеңқияқ ауылындағы 600 орындық, Темір ауданы Шұбарқұдық ауылындағы 600 орындық, Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласындағы 600 орындық, Мәртөк ауданы Сарыжар ауылындағы 300 орындық мектептер бар, - дейді басқарма басшысының орынбасары.

Қорыта айтсақ, былтыр облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бастамасымен 138 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізіліп, оның 81-і пайдалануға берілді. Бұл – соңғы үш жылдағы жоғары көрсеткіш, себебі жоспар екі есеге артық орындалған. Ал биыл жыл соңына дейін облыста жалпы саны 61 нысан пайдалануға берілетін болады.

Өзгелердің жаңалығы