Ақтөбе облысындағы оқушы өліміне қатысты іс сотқа жолданды

Бүгiн, 16:43
256
Бөлісу:
Ақтөбе облысындағы оқушы өліміне қатысты іс сотқа жолданды
Фото: BAQ.KZ архив

Ақтөбе облысында мектеп оқушылары соққыға жығып, салдарынан көз жұмған оқушыға қатысты іс сотта қаралатын болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл жөнінде Ақтөбе облыстық прокуратурасының өкілі Өркен Ещанов мәлімдеді. 

Оның айтуынша, аталған материал Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданған.

Оқиғаға тоқталсақ, былтыр қыркүйек айында Ақтөбе облысы Темір ауданы Қопа ауылында 10-сынып оқушылары 11-сынып оқушыларының нұсқауымен 9-сынып оқушыларын "тәрбиелік" мақсатта ұрып-соққан. Соның салдарынан мектеп оқушысы қатты жарақат алып, көз жұмған. Осыған байланысты сотқа оқушының денсаулығына қасақана ауыр зиян келтiру фактісі бойынша қылмыстық іс жолданып отыр. Бұған дейін іс облыстық полиция департаментінде тергеліп, процестік прокурор тағайындалды.Тергеу барысында кәмелетке толмаған 6 күдікті қамауға алынды, - дейді Өркен Ещанов.

Оның айтуынша, алты күдіктінің біреуі ҚР Қылмыстық Кодексінің 106-бабының 3-бөлігімен (абайсызда жәбірленушінің өліміне әкелген қасақана ауыр дене жарақатын келтіру дерегі), ал қалған бесеуі Қылмыстық Кодекстің 293-бабының 2-бөлігімен (бұзақылық дерегі) және 106-бабы 3-бөлігінде көзделген қылмысты ұйымдастырғаны (қылмысты ұйымдастыру дерегі, ҚР Қылмыстық Кодексінің 28-бабы 3-бөлігі) үшін жауапқа тартылып жатыр.

Қатыгездікпен қатарласын соққыға жыққан күдіктілерінің тағдыры енді алдағы сот процестерінде белгілі болады.

Өзгелердің жаңалығы