Ақтөбе облысындағы нысандар құрылысы бейнебақылау камераларымен қадағаланады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бюджет қаражатына қандай да бір нысан салуды көздеген мердігер компаниялар енді бейнекамералар орнатуға міндетті. Құрылғы арқылы құрылысшылардың жұмысын тексеріп отыру, құрылыс барысын бағамдау тапсырыс беруші мекемеге жүктеледі.
Бұл туралы сәулет, қала құрылысы және құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Аслан Жарасбаев мәлімдеді.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен құқықбұзушылықтардың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Жиында баяндама жасаған Аслан Жарасбаев өңір басшысының тапсырмасына сәйкес, бейнекамераларды орнату жұмыстары басталып кеткенін айтып өтті.
Бүгінде Ақтөбе өңірінде құрылысы ұзаққа созылған 13 нысан бар. Оның үшеуіне, атап айтқанда, Бадамша спорт кешені, Терісаққан, Шилісай мектептеріне бейнекамера орнатылған. Ал Батыс спорт кешені, Ащысай, Темір-мост, Жарма мектептеріне құрылғылар қондырылу сатысында. Құрылыс басқармасы төрт нысанда мердігер мекеме болмауына орай камера қондырылмағанын алға тартты.
2024 жылға 27 нысанға құрылыс жұмыстарын жүргізуге конкурс жарияланды, аталған нысандардың барлығына да бейнебақылау орнату қарастырылған. Биыл жыл соңына дейін 11 нысанды пайдалануға беру жоспарлануда, - деді Аслан Жарасбаев.