Ақтөбе облысы Ойыл ауданында уақытша өткелді су шайып, ауыл халқы жол қатынасынсыз қалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазір ойылдықтар қайықтарға мініп, облыс орталығына қатынауға мәжбүр. Жергілікті тұрғындарды құтқарушылар мен әскерилер судан өткізіп, жолға жеткізуде. Мұнда қазір тұрғындарды тасу үшін 5 қайық жұмылдырылған.
Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Аслан Арзымбетовтің айтуынша, екі күннің ішінде Ойыл ауданынан облыс орталығына 348 адам тасымалданған, оның 49-ы бала.
15 наурызда Ойыл ауданына кіреберістегі уақытша өткелді су шайып кеткендіктен, ол жерде төтенше жағдай департаменті мен министрліктің әскери бөлімі жұмыс жасауда. Олар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қайықпен тасып жатыр. Бұл жерде жергілікті атқарушы органдардың бастамасымен өткелді қалпына келтіру жұмысы басталды. Бұл жұмыстарға біздің қызметкерлер де жұмылдырылды, - дейді ол.
Оның айтуынша, уақытша өткел 2-3 күннің ішінде қалпына келтіріледі.
Былтыр көктемде Ойыл ауданында болған су тасқыны кезінде аудан мен облыс орталығының арасын жалғап тұрған көпірді су шайып кеткен болатын. Содан тұрғындар үшін уақытша өткел салынған. Биыл осы өткелді тағы су шайып кетіп отыр. Қазір бұрынғы көпірдің орнына жаңасы салынып жатыр. Оның құрылысын үш жылдың ішінде аяқтау жоспарланған.
"Қазгидрометтің" берген ақпаратына сүйенсек, қазіргі таңда өңірде тасқын қаупі жоқ. Өңірдегі өзендер әлі тасымаған. Ал аталған өткелді сай-саладан келген су шайып кеткен.
Қазір қауіп жоқ, штаб жұмыс жасап жатыр. Облыс бойынша жағдай қалыпты, - дейді А.Арзымбетов.
Айта кету керек, биыл облыста су басу қаупі бар 58 ауыл тіркелген.