Ақтөбе облысындағы білім беру ұйымдарына директорлар жетіспей жатыр

14 Мамыр 2024, 15:00
501
Бөлісу:
Ақтөбе облысындағы білім беру ұйымдарына директорлар жетіспей жатыр
Фото: автордан

Ақтөбе облысындағы білім беру ұйымдарында 80 басшының орны бос тұр. Тіпті, олардың арасында 2017 жылдан бері директор тағайындалмаған оқу орындары бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнар Сәрсенғалиеваның айтуынша, бүгінде облыс бойынша бірінші басшының 80 орны бос тұр. Мысалы, мектептерде — 37, мектепке дейінгі ұйымдарда — 31, қосымша білім беру ұйымдарында — 4, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында — 3, арнайы білім беру ұйымдарында — 5 орын. Бұлардың ішінде 7 жылдан бері бос тұрғандары да бар.

Білім сапасына әсер ететін факторлардың бірі дұрыс ұйымдастырылмаған менеджмент болса, қазіргі таңда білім беру ұйымдары басшыларының кәсіби деңгейінің төмендігін атап өту керек. Мәселен, өңірдегі басшылардың 29,4%-ында ғана санаты бар. Ал қаншама орын бос тұр?! — дейді ол.

Ақтөбе облыстық білім басқармасының әкімшілік жұмыстар бөлімінің басшысы Арсен Хасеннің айтуынша, өңірде былтыр — 76, биыл 12 вакансияға басшы тағайындалған. 

Оқу-ағарту министрлігінің 2012 жылғы №57 бұйрығымен бекітілген арнайы қағидаға сәйкес, директорлар 6 кезеңнен тұратын конкурстен өтуі керек. Мәселен, 4-кезең тестілеу Ұлттық тестілеу орталығы тарапынан айына бір-ақ рет өткізіледі. Қазіргі таңда төтенше жағдайға байланысты бұл бағыттағы жұмыстар уақытша тоқтатылды. Конкурс тұрақты беріліп отыр, дегенмен вакансия толмай жатыр, — дейді Хасен.

Оның айтуынша, 80 орынның басым бөлігі — аудандарда. Ал 2017 жылдан бері бос тұрған орын Әйтеке би ауданында тіркелген. Көбіне ауылдарда директор болуға қызметкерлердің біліктілігі сәйкес келмейді. Ал қаладан ауылға мамандар басшылыққа бармайды.

Өзгелердің жаңалығы