Ақтөбе облысы Қарғалы ауданының Әлімбет ауылында "Ауыл құтқарушылары" республикалық бағдарламасы аясында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды. Бұл жоба еліміздің ауылдық аймақтарында қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған, деп хабарлайды BAQ.KZ ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бекеттің ашылу салтанатына Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әрінов қатысып, жаңа өрт сөндіру автоцистернасының кілтін табыстады. Министрдің айтуынша, бұл бастама ауыл тұрғындарына жедел көмек көрсету мүмкіндігін арттырып, азаматтардың қауіпсіздігіне деген сенімді нығайтады.
Қазақстандықтардың қауіпсіздігі қалада да, ауылда да бірдей деңгейде қамтамасыз етілуі керек. Бұл тек техника немесе ғимарат емес, бұл – адамдарға кез келген сәтте көмек келетініне деген сенім, - деді министр.
Жаңа өрт сөндіру бекеті толықтай жабдықталған: білікті жеке құраммен, заманауи өрт сөндіру техникасымен және қажетті байланыс құралдарымен қамтылған. Бекет тәулік бойы жұмыс істейді.
"Ауыл құтқарушылары" бағдарламасы еліміздің ауылдық елді мекендерінде төтенше жағдайларға жедел әрекет ету жүйесін күшейтуді көздейді. Бағдарлама алдағы уақытта да жалғасын тауып, ұлттық азаматтық қорғау жүйесінің маңызды буынына айналмақ.