Ақтөбе облысында жұмыссыз жастардың үлесі қанша

21 Мамыр 2024, 20:52
517
Бөлісу:
Ақтөбе облысында жұмыссыз жастардың үлесі қанша
Фото: автордан

Ақтөбе облысында жұмыссыз жүрген 3350 жас бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық жастар басқармасының бас маманы Мәди Кемешовтің айтуынша, өңірде жастарды жұмыспен қамту мақсатында тиісті жұмыс істеліп жатыр. Мәселен, жыл басынан бері облыста 10 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылса, оның 3835-і — жастар (35,6%).

Биыл 1608 жас бос жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылса, жастар тәжірибесіне 162 жұмыссыз түлек жіберілді. Ал әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілген жастардың саны — 165. Бұдан бөлек, 700-ден астам жас уақытша қоғамдық жұмыс орындарына тартылды, — дейді Мәди Кемешов.

Оның айтуынша қазір облыста жастарды жұмыспен қамту бағытында "Алғашқы жұмыс орны" және "Ұрпақтар келісімшарты" жобалары жүзеге асырылып жатыр. Осы жобалар аясында 4 айдың ішінде 24 жас жұмыспен қамтылған. Ал электронды еңбек биржасы арқылы онлайн оқытуға — 557, "Бастау бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 605 жас жіберілген.

Ақтөбе облысының статистика департаментінің мәліметі бойынша өңірде 15-35 жас аралығындағы жастардың жұмыссыздық деңгейі — 1,8%. Бұл республикалық көрсеткіштен (3,5%) едәуір төмен.

Ал Ақтөбе облысы бойынша еңбек мобильдігі орталығының басшысы Алтынай Маханованың айтуынша жыл басынан бері өңірде 2,5 мыңнан астам жас субсидияланатын уақытша жұмыс орнына тартылған. 1120 жас тұрақты жұмысқа орналасқан.

Еnbek.kz порталында облыс бойынша 1388 бос жұмыс орны жарияланды. Бұл орындар білім беру, өндіріс, медицина, қаржы салаларына мамандар іздейді. Жұмыс іздеген жастар осы портал арқылы жұмысқа орналаса алады, — дейді Маханова.

Ең қызығы, орталық басшысы бүгінде облыстағы жұмыссыздық деңгейі 2,5% екенін айтады. Кімдікі дұрыс?!

Өзгелердің жаңалығы