Ақтөбе облысында республикалық маңызы бар KAZ 06 автожолында жүк көлігі аударылып, жол қозғалысына уақытша шектеу енгізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ «ҚазАвтоЖол» ҰК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға 2025 жылғы 6 желтоқсанда шамамен 18:50-де Ырғыз ауданына қарасты Қалыбай ауылы маңында, трассаның 1094-шақырымында болды.
Volvo маркалы жүк көлігі аударылып, жүріс бөлігін толықтай бөгеп қалған. Соның салдарынан аталған учаскеде шамамен 25 автокөлік жиналып, қозғалыс қиындаған.
Төмен температура мен сіркіреме жауынға қарамастан, жолдың бұл бөлігінің жабыны тегіс әрі таза екені хабарланды. Жол қызметі қысқы күтіп-ұстау жұмыстарын үздіксіз жүргізіп, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде.
Оқиға орнына жол қызметінің екі бірлік арнайы техникасы жұмылдырылып, көліктерді өткізу үшін айналма жол ұйымдастырылды.
Жол қозғалысын қамтамасыз ету қызметі жүргізушілерге ауа райы жағдайын ескере отырып, сақтық шараларын күшейтуді, жол ережелерін қатаң сақтауды және уақытша шектеулер енгізілген аумақта жол қызметкерлерінің нұсқауларын орындауды ескертеді.