Ақтөбе облысында жазатайым оқиғалардан 6 адам көз жұмды

4 Шілде 2024, 17:05
523
Бөлісу:
Ақтөбе облысында жазатайым оқиғалардан 6 адам көз жұмды

Биыл жыл басынан бері Ақтөбе облысындағы кәсіпорындарда болған жазатайым оқиғалардан 6 адам көз жұмды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы Жандос Әлімовтің айтуынша, былтыр да осындай қайғылы жағдайлар салдарынан 6 адам қаза тапқан.

Биыл 6 айдың ішінде өңірімізде 35 жазатайым оқиға тіркелді. Оның ішінде бір оқиға бірнеше адамның қатысуымен болған. Салдарынан 2 адам зардап шекті. Сондай-ақ адам өліміне әкелген алты оқиға болды. Жыл басынан бері кәсіпорындарда болған жазатайым оқиғалар бойынша біз облыстық полиция департаментіне 38 материал жолдадық, — дейді Жандос Әлімов.

Оның айтуынша биыл облыста өткен жылмен салыстырғанда еңбек жанжалдарының саны азайған. Мәселен, былтыр 7 еңбек дауы болса, биыл 4 еңбек дауы тіркелген. Жыл басынан бері өңір тұрғындарынан 1207 өтініш түскен.

Бүгінде еңбек жанжалдарының алдын алу және оларды шешу үшжақты комиссияның жұмысы аясында жүзеге асырылылады. Жыл басынан бері Ақтөбе облысында үшжақты комиссия 50 отырыс өткізді. Оның ішінде 4-еуі облыстық болса, 46-сы — қалалық және аудандық. Мемлекеттік еңбек инспекторлары басқармаға келіп түскен өтініштер негізінде 218 тексеру жүргізіп, 278 заң бұзушылықты анықтады. Қуантарлығы, биыл заң бұзушылықтар саны едәуір азайып отыр. Мәселен, былтыр облыста 188 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 186 заң бұзушылық тіркелген болатын. Сондай-ақ жұмыс берушілерге 80 ұйғарым беріліп, жалпы мөлшері 22,5 миллион теңгеге 161 әкімшілік айыппұл салынды, — дейді басқарма басшысы.

Айта кету керек, биыл аталған басқарма мамандары облыстағы кәсіпорындарда 48 кездесу өткізіп, 950-ден астам қызметкерге еңбек заңнамасын түсіндірген.

Өзгелердің жаңалығы