Ақтөбе облысында 143 мыңнан астам адам тұмауға қарсы вакцина алды, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметтеріне сүйенсек, вакцина алған адамдардың үлесі - облыс халқының 15,7 пайызы.
143 мың адамның ішінде жергілікті бюджет қаражаты есебінен тәуекел топтағы 100 616 адам, жұмыс беруші қаражатына 14078 адам және ақылы түрде тұғындардың өз еркімен 28523 адам тұмауға қарсы вакцинациямен қамтылды. Егілуден кейін ешқандай реакция немесе асқыну жағдайлары тіркелген жоқ. Жалпы бүгінде тұмауға қарсы ең тиімді әдіс – вакцинация. Сондықтан біз облыс тұрғындарына мерзімдік аурудың алдын алу үшін вакцина алуға болатынын ескертіп жатырмыз,- дейді Ақтөбе облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев.
Оның айтуынша, биыл тұрғындар егіліп жатқан тұмауға қарсы вакцинаның құрамына вирустың “А/H3N2 - a/Darwin/9 / 2021” кіші түрі және “Victoria - B/Austria/1359417/202” типті жаңа екі түрлі штамы кіреді. Олар биыл эпидемиялық маусымда айналымда болады деп күтілуде.
Мамандардың айтуынша, тұмау биыл да жылдағыдай ауа райының қолайсыздығы мен алдын алу шараларын жүргізбеу салдарынан өршіп отыр. Мәселен, Ақтөбе облысында қазан айының басынан бері 1200 адам тұмаумен ауырған. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалардың саны- 540, 1 жасқа дейінгі балалардың саны-132.
Сондай-ақ бір ай ішінде өңірде 121 оқушы тұмау жұқтырған, олардың үлес салмағы- 10,08 пайыз.
Былтыр қазан айында мұндай деректер тіркелген жоқ. Биыл осы кезеңде тұмау жұқтырған 247 адам ауруханаға жатқызылды, оның ішінде 60-сы- жүкті әйел, 66-сы- 1 жасқа дейінгі бала. Сонымен қатар облыс бойынша 47 адам пневмониямен ауырып, ауруханаға жатқызылды,-дейді Мұхтар Сербаев.
Биыл департамент мамандары 1 қазан-1 желтоқсан аралығында тұмаудың және одан болған асқынулардың алдын алу үшін эпидемиологиялық қадағалау жүргізеді. Ал вакцина алу шарасы облыс бойынша 15 қарашаға дейін жалғасады.