Ақтөбе облысындағы Қарғалы ауданының №2 Бадамша орта мектебі «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» республикалық жобасына екінші мектеп ретінде енді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның таныстырылымына облыс әкімі Ералы Тоғжанов, Оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов, «Қазақстан халқына» қорының басшысы Болат Жәмішев, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Күләш Шәмшидинова, AITAS Foundation қорының басшысы Ксения Верба, мұғалімдер мен оқушылардың ата-аналары қатысты.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылдан бастап Қазақстанда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы іске асырылуда. Сонымен қатар, «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы да маңызды. Тірек мектептер облысымыздың барлық аудандарында пайда болады. Бұл ауыл оқушыларына өздері тұратын жерде сапалы білім алуға, сондай-ақ білім беру ресурстарын шоғырландыруға мүмкіндік береді. Біз аудандар мен ауылдардағы балаларымыздың қаладағыдай білім алуы үшін барлық жағдай жасауды жалғастырамыз. Болашақта «қала», «ауыл» деп бөлінбейді, өйткені қазір ауылдық жерлер қарқынды дамып келеді, - деп атап өтті облыс әкімі таныстырылым барысында.
Жобаны «Қазақстан халқына» қоры, Aitas Foundation корпоративтік қоры, Білім беруді тұрақты дамыту қоры, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы және Ақтөбе облысының әкімдігі іске асыруда. Ол оқыту сапасын арттыру, үздік педагогикалық тәжірибелер мен әдістемелерді енгізу, сондай-ақ мектептердің қажетті материалдық-техникалық базасын қамтамасыз етуге бағытталған. Шара барысында жаңартылған кабинеттер таныстырылды.
Бұл Қазақстанда көрші мектептер үшін ресурстық орталық ретінде қызмет ететін және ауданда білім беруді дамыту нүктесіне айналатын ауылдық тірек мектептер желісін құру жолындағы кезекті қадам, - деп сендірді Білім беруді тұрақты дамыту қорының басшысы Данияр Тоқтарбаев.
№2 Бадамша орта мектебі 720 орындық, қазір 562 оқушы оқиды. Жобаның арқасында мектепте 33 кабинет, оның ішінде 25 оқу класы бар, STEAM-зертхана, ART-студия, телестудия, музыка кабинеті, Intellectum холл, кітапхана, акт және спорт залдары жабдықталған. Аталған жоба аясында облыс бойынша жалпы сомасы 2 млрд. теңгеге жуық 12 тірек мектеп құрылады.
Сондай-ақ, 3 жыл ішінде NIS-тің үздік оқытушылары тірек мектептердің мұғалімдерін оқытады және оларға әдістемелік көмек көрсетеді. Айта кетейік, Ақтөбе облысы - барлық аудандарында тірек мектептері жыл соңына дейін пайдалануға берілетін еліміздегі әзірге жалғыз өңір.