Ақтөбе облысы Ойыл ауданының шаруалары 4 айдан бері суға кеткен қыстауы мен баздары үшін өтемақы ала алмай отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Естек» шаруа қожалығының иесі Андрей Сисенғалиевтің тасқын кезінде тұратын қыстағы, мал бағатын қоралары түгел суға кеткен. Қазір ол отбасымен киіз үйде тұрады.
Ойыл селолық округіне қарасты Талтоғай қыстағында он шақты үй тұрамыз. Тасқын кезде 6 үй қора-жайымен бірге суға кетіп қалды. Мал шығыны болды. Менің алты бұзаулы сиырым суға кетіп өлді. Оған комиссия шешім шығарып, шығынды төледі. Бірақ 4 айдан бері үйге және қора-жайға өтемақы ала алмай отырмыз. Үйдің құжаттарының барлығы түгел. Аудандық әкімдікке барсақ, бізге: «Тұрған жерлеріңіз елді мекенге жатпайды, қожалықтың жеріне төленбейді», — дейді. Өткенде ауданға келген сапарында бұл мәселені Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбайға айттық, тіпті облыс әкіміне арыз жазғанбыз. Әлі күнге дейін мәселеміз шешілген жоқ, - дейді шаруашылық басшысы.
Андрей Сисенғалиевтың қожалығында 78 бас ірі қара, 25 бас жылқы, 200-дей қой бар. Қазір бұл жерде үй де, баз да жоқ. Техникалары қаңтарылып бос тұр. 6 қожалықтың тұрғындары киіз үй мен вагондарда тұрып жатыр.
Тездетіп өтемақы төлеу мәселесі шешіліп, мемлекеттен көмек болса екен, - дейді шаруа.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Өтешовтің айтуынша, қазір өңірде зақымданған және қираған нысандарға өтемақы төлеу мәселесі ашық күйінде қалып отыр.
Облыста 154 малға арналған үй-жайлар суға кетті. Оның ішінде 13 баз, 18 малшының үйі жөндеуді қажет етсе, 50 баз бен 73 үйді қайтадан тұрғызу керек. Алайда бұл шаруашылықтарға қорлардан көмек көрсетілмесе, әзірге басқа шешім жоқ, - дейді Рүстем Өтешов.