Ақтөбе облысында шаруалар егін жинай алмай отыр

20 Қыркүйек 2023, 15:09
1728
Бөлісу:
Ақтөбе облысында шаруалар егін жинай алмай отыр
Фото: автордан

Ақтөбе облысында толассыз жауған жаңбырдың салдарынан шаруалар егін жинай алмай отыр. Қазір облыстағы астықты аудан — Әйтеке би ауданында жүзден астам шаруа мемлекеттің қолдауына мұқтаж, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облысында егін егетін, негізінен, төрт аудан бар. Қазір осы аудандардың ішінде Қостанай облысына жақын орналасқан Әйтеке би ауданында жүзден астам шаруашылық бітік шыққан егінді жинай алмай отыр. Бұл ауданда бір айдан бері толассыз жаңбыр жауған. Қазір шаруалар қыруар шығынға батып, техника және дизель отыны үшін алған несиесін төле алмайтындарына қынжылып отыр.

Егін егумен айналысатын «Бұлақ» шаруа қожалығының басшысы Ақжол Дабыловтың айтуынша, Әйтеке би ауданы Қостанайға жақын орналасқан. Қазір бұл екі аймақта да шаруалар егін ору жұмыстарын жүргізе алмай отыр.

Алқаптың 74 пайызы шабылмай жатыр. Жағдай өте қиын. Жаңбырдан көз аша алмай отырмыз. Бидай ұнға өтпей қала ма деген қорқынышымыз бар. Биыл 14 мың гектарға егін ектім, бүгінге дейін соның 11 мың гектары шабылмай тұр. Бұл жағдай қазір Ақтөбе облысынан бөлек басқа өңірлерде де ушығып тұр, - дейді ол.

Ал осы аудандағы «Комсомол» ЖШС директоры Виталий Волынец бүгінге дейін егіннің 20 пайызын ғана жинағанын айтады. Несиемен күн көріп отырған серіктестік биыл тұқым да алмай қалатынына өкінеді.

Биыл 21 тамыздан бастап өңірімізде жауын толастамай тұр. Бұрын мұндай жағдай болған жоқ. 2016 жылы ауданда 16 күн бойы жауын-шашын болып, біраз әбігерге түскен едік. Дегенмен бидай бітік шығып, шығындарымызды жаптық. Ал биыл шаруашылықтар өте көп шығынға батқалы отыр. Биыл жаңбырдың толассыз жаууынан бидайдың басы кеппей, қайта бүршік жарып жатыр. Енді мұндай астықты ұн жасауға ешкім сатып алмайды. Қазір бидайдың ылғалдылық мөлшері жоғары. Аудандағы көп шаруашылық көктемде мемлекеттен несие алып, сол қаржыға дизель мен техника жабдықтарын сатып алады. Күз болғанда тапқан табысынан сол несиені төлейді. Биыл бұл мәселені қалай шешерімізді білмей отырмыз. Өткен аптада ауданымызға ауыл шаруашылық басқармасы мен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасының өкілдері келіп, кетті. Біз өз шағымымызды жеткіздік. Дегенмен енді бізге мемлекет тарапынан қандай көмек берілетіні айтылған жоқ. Ауыл шаруашылығы басқармасы жағдайды білгенмен, әзірге шаруаларға қандай қолдау көрсетілетінін айтқан жоқ. Қазір әрі-сәрі күйде отырмыз, — дейді Виталий Волынец.

Ақтөбе облысында шаруалар егін жинай алмай отыр

Біз аудандағы ахуал туралы Әйтеке би аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мейрамбек Сәтімовтен сұраған едік. Ол ауданда егін егумен айналысатын 103 шаруа қожалығы, 12 ЖШС және үш кооператив бар екенін, қазір бұл құрылымдардың барлығы жаңбырдың кесірінен зиян шеккенін жеткізді.

Биыл ауданымызда егін 147 мыңнан астам гектар жерге егілді. Оның ішінде 138 мың гектары дәнді дақыл болса, 6300 гектарға егілгені — майлы дақыл. 2500 гектар жерге мал азығын ектік. Осы тұрғанда бидай мен арпаның 16 пайызын ғана орып алдық. Бір айдан бері ауданда толассыз жауын жауды. Міне, кешеден бері ғана аудан орталығында жаңбыр басылды. Дегенмен Қостанай облысына жақын жердегі Әйке және Сұлукөл ауылдық округтерінде түнде тағы жаңбыр жауғанын білдік. Енді екі-үш күнге дейін шаруалар алқаптарға кіре алмайды, себебі барлық жер су, балшық. Қазір аталған шаруашылықтардың барлығы не істерін білмей, шығынға батып отыр, — дейді Сәтімов.

Бөлім басшысы ауданда мұндай жағдай 30 жылдан бері бірінші рет болып отырғанын айтады. 6-7 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында қызмет жасап келе жатқан ол шаруалар бүгінге дейін мұндай шығынға батпағанын жеткізді.

Қазір бидайдың басына шыққан дән бүршік жарып, көктеп жатыр. Оны элеваторлар қабылдамайды. Себебі бидайдың ұн жасайтын қасиеті жоқ. Шаруалар жыл сайын техника мен дизель отыны үшін несие алады. Енді шаруалар мемлекеттен несиелерін екі-үш жылға дейін шегертуді, барынша қолдау көрсетуді сұрап отыр. Сондай-ақ келер жылға тұқым алынған жоқ. Қазір көп жер қарайып кетті,— дейді бөлім басшысы.

Шаруалар ауданға келген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасының өкілдеріне проблемаларын жеткізген. Дегенмен әзірге олар шаруаларға қандай қолдау көрсетілетінін нақтылап айтпаған. Қазір аудандағы диқандар мемлекеттен көмек күтіп отыр.

Біз осы орайда Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембаймен тілдескен едік. Ол Әйтеке би ауданының шаруаларына көмек берілетінін жеткізді.

Ақтөбе облысында қазір егін ору жоспарының 48 пайызы ғана орындалып отыр. Жасыратыны жоқ, бүгінде бірқатар ауданда проблема бар, дегенмен көп аудан құрғақ кезде егінді жинап алды. Әйтеке би ауданында қазір егін ору жұмыстарының 17 пайызы ғана орындалды. Биыл бұл ауданда 138 мың гектарға бидай, арпа егілген. Біз Үкіметке де, Ауыл шаруашылығы министрлігіне де хат жаздық. Үкімет отырысында Премьер-министр осындай қиын жағдайға тап болған шаруаларға көмек көрсету бойынша тапсырмалар берді. Атап айтсақ, біріншіден, дән кептіргіштерге қосымша дизель отыны бөлінеді, екіншіден, шаруашылықтардың бережақ субсидиялары төленеді, үшіншіден, кептіргіш сатып алуға мүмкіндігінше «ҚазАгроФинанс» мекемесі арқылы қолдау көрсетіледі, төртіншіден, шаруалардың алған несиелерін кейінге шегеруге мүмкіндік жасалады. Осы бойынша қазір облыста жұмыстар жүргізіліп жатыр, — деді басқарма басшысы.

Ақтөбе облысында қазіргі таңда Әйтеке би ауданынан бөлек Қарғалы ауданындағы тағы бір үлкен шаруашылық шығынға батып отыр. Бұл шаруашылықтың 17 мың гектар жерге еккен егінінің сапасы нашарлаған. Қазір бұл мәселе бойынша аталған ауданда тиісті жұмыстар атқарылып жатқан көрінеді.

Алдағы уақытта күн ашық болса, тездетіп қалған егінді жинап алуға тырысамыз. Дегенмен биыл егіннің барлығы тауарлы астық түрінде кетеді деп айта алмаймыз, егер арасында көгергендері болса, мал азығына кетеді, — дейді Сәрсембай.

Айта кету керек, Ақтөбе облысында бүгінге дейін бидайдың көбі Иран, Түркия, Өзбекстан, Ресей елдеріне экспортталып келді. Сондай-ақ дәнді дақылдардың бір бөлігін өңірдегі кәсіпорындар өндіреді.

Өзгелердің жаңалығы