Жаңа бағдаршам нысандарының орналасу орындары полиция қызметкерлерімен көше-жол торабы мен автомобиль жолдарына жүргізілген зерттеулердің, сондай-ақ тұрғындардың ұсыныс-тілектерін зерделеудің негізінде анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Облыс орталығында жаңа бағдаршам объектілерін орнатуға ұсыныстар жергілікті атқарушы органдарға өткен жылы жолданды.
Ұсыныстар облыс басшылығымен қолдау тауып, бүгінгі күні 86 бағдаршам объектілерін орнату, оның ішінде 56 шақыру батырмасы бар реттелмейтін жаяу жүргіншілер өтпелеріне қою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бағдаршам нысандарын орнату кезінде жол қозғалысына қатысушылардың, әсіресе балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі мейлінше ескерілді.
Елді мекендердегі жол қозғалысының қауіпсіздігі мен инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталған шаралар бізбен тұрақты түрде атқарылып, жергілікті атқарушы органдарға ұсыныстар жүйелі түрде жолданып отырады. Қазіргі таңда жаңа бағдаршамдарды электр желісіне қосу жұмыстары жүргізілуде. Жақын күндері олар кезең-кезеңмен қолданысқа берілетін болады. Бұл ретте, барлық жол қозғалысына қатысушылардан жолда ұқыптылық танытуға, жол ережелерін қатаң сақтап, бағдаршам талаптарына қатаң бағынуды сұраймыз, – дейді облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Еркін Өтеген.