Президенттің тапсырмасы бойынша Ақтөбе облысында ауылдық денсаулық сақтау жүйесін дамыту мақсатында қайтарылған активтер қаражаты есебінен бірнеше жаңа медициналық мекеме ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мұғалжар ауданындағы 1,5 мыңнан астам тұрғыны бар ауылда жаңа дәрігерлік амбулатория іске қосылды. Медициналық нысан Арнаулы мемлекеттік қор қаржысына және «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынды. Амбулатория тәулігіне 45 келушіге қызмет көрсетеді, зертханалық диагностика мен скрининг жүргізуге мүмкіндік береді. Жобаның жалпы құны – 300 млн теңге.
Бұған дейін Байғанин ауданының Ноғайты ауылында тәулігіне 40 адам қабылдайтын фельдшерлік-акушерлік пункт (құны – 190 млн теңге) және Ырғыз ауданының Жарма ауылында 25 адамға арналған медициналық пункт (құны – 145 млн теңге) пайдалануға берілген болатын.
Ал Алға ауданының Маржанбұлақ ауылында (тұрғыны – шамамен 5 мың адам) жаңа дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталуға жақын.
Жалпы Ақтөбе облысында Арнаулы мемлекеттік қор есебінен ауылдық денсаулық сақтау саласында 11 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның үшеуі қолданысқа берілді, сегіз нысанның құрылысы жалғасуда.