Биыл Ақтөбе облысында 54 234 жұмыссыз азаматты жұмыспен қамту жоспарланған, алайда аудандарда бұл бағыттағы жұмыстар төмен деңгейде орындалуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, былтыр облыста 30 мыңға жуық жұмыс орны құрылып, 56 555 адам жұмыспен қамтылған. Ал биыл 25 642 жұмыс орнын құрып, өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 54 234 жұмыссыз азаматты жұмыспен қамту көзделіп отыр.
Бүгінде облыста 13 661 адам жұмысқа орналастырылып, жоспар 26 пайызға орындалды. Оның ішінде 4580 адам бос жұмыс орындарына орналастырылып, жоспар 18 пайызға орындалды. Қазіргі таңда жоспардың орындалуы Мұғалжар, Әйтеке би, Ойыл аудандарында 13 пайызды құрап, төмен деңгейді көрсетіп отыр. “10 мың халыққа 100 жұмыс орны” жобасы аясында жеке бастамаларда 1071 жұмыс орны құрылды, яғни жоспар 9 пайызға орындалды. Бұл орайда жылдық жоспар - 12 416 адам. Бұл жобаның орындалуы барлық ауданда төмен, әсіресе, Әйтеке би ауданында өте төмен, небәрі 0,7 пайыз, Ырғызда - 1,1 пайыз, Ойылда - 2,1 пайыз, Қобдада - 3,1 пайыз, Мұғалжарда - 3,2 пайыз, - дейді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, көрсеткіштердің төмен болуының басты себебі - жоспардың дұрыс орындалмауы. Мәселен, “10 мың халыққа 100 жұмыс орны” бастамасы шеңберінде құрылатын жұмыс орны еңбекке қабілетті жастағы халық санының бір пайызы есебінен айқындалады, яғни статистика департаментінің мәліметіне сәйкес, облыста еңбекке қабілетті экономикалық белсенді халық саны 480 414 адам болса, сәйкесінше аталған жоба бойынша 4804 жұмыс орны құрылуы тиіс. Демек, белгіленген жоспар 2,6 есеге жоғары. Бұл туралы басқарма тарапынан министрлікке бірнеше рет ұсыныс жолданған. Нәтижесінде жоспар 2024 жылғы 16 205 адамнан 12 416 адамға дейін төмендетілген.

Биыл өңірімізде “Ауыл аманаты” бағдарламасы бойынша 644 адамды несиелендіру жоспарланған болатын. Бүгінгі күнге 140 адамға несие берілді, жоспар 22 пайызға орындалып отыр. Ал субсидияланатын жұмыс орындарымен қамту жоспары 66 пайызға жетіп, 8233 адам қамтылды, - дейді Ләззат Оразбаева.
Оның айтуынша, қазіргі таңда облыстағы жұмыссыз азаматтарды еңбекпен қамтуда Ақтөбе облысы бойынша еңбек мобильдігі орталығы қарқынды жұмыстар жүргізуде. Аталған орталық бүгінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ведомстволық бағынысты ұйымы ретінде қызмет атқарады. Орталықтың негізгі мақсаты - ұлттық еңбек нарығының көрсеткіштерімен ұштастыра отырып, жергілікті ерекшеліктерді ескеріп, өңірлік жұмыспен қамту саясатын іске асыру. Қазіргі таңда орталық өз функцияларын қала және аудандарда филиал түрінде құрылған 13 мансаптық орталықтар арқылы жүзеге асырады. Жалпы штат саны 287 адам болса, оның 38-і - еңбек мобильдігі орталығында, қалғандары қала мен аудандардағы мансап орталықтарында жұмыс істейді.
Биыл жыл басынан бері басқарма мамандары ауылдық округтерді аралап, жұмыспен қамту шараларына тартылған жұмыссыз азаматтармен кездесті. Нәтижесінде қоғамдық жұмыс орындарына бағытталатын жұмыссыздардың басым бөлігі арнайы білімі, біліктілігі жоқ азаматтар екендігі анықталды. Олар әлеуметтік-қоғамдық маңызы бар жұмыстарға, соның ішінде көше тазалығы, абаттандыру, пошта, әскерге шақыруға курьер ретінде жолданады. Мысалы, Ойыл ауданы Саралжын ауылдық округінде барлығы 285 аула, 1567 адам бар. Округтегі еңбекке қабілетті 643 адамның 40-ы жұмыссыз ретінде тіркелмеген, 257-і өзін-өзі еңбекпен қамтушылар болса, 290-ы - жұмыспен қамтылғандар. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына бағытталған 56 адамның ішінде ауыл тазалығына және абаттандыруға арналған қоғамдық жұмысқа 27 адам 6 ай мерзімге жолданған. Олардың қатарында көпбалалы аналар, денсаулығына байланысты ауыр жұмыстан босатылғандар бар. Биыл жыл соңына дейін жоспар бойынша 60 адамды жолдау қаралған, қалған 33 адам әлеуметтік осал топтар қатарынан бағыттау көзделуде, - дейді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, аталған округте тұратын қоғамдық жұмысқа бағытталған көпбалалы ананың ауылдық жерде басқа жұмысқа бағытталуына мүмкіндік жоқ. Сол сияқты ауылдағы бірқатар жалғызбасты аналардың тұрақты табысы жоқ болғандықтан оларды қоғамдық жұмысқа ғана бағыттаған. Дәл осындай мысалдар Қобда ауданы Жиренқопа ауылдық округінде де кездеседі. Мұнда халық саны – 530 адам, мүгедектігі барлар саны - 10, зейнеткерлер – 63, студенттер – 36, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасы саны – 4, жұмыссыз ретінде тіркелмегендер – 12, жұмыспен қамтылғаны - 286 адам.
Осындай әлеуметтік талдау облыстың барлық ауданындағы ауылдық округтерге жасалуда. Бұдан шығатын қорытынды - ақылы қоғамдық жұмысқа жолданатын азаматтардың басым көпшілігі - 50-60 жас аралығындағы азаматтар. Ауылдық елді мекендерде тұрақты жұмыс орындары тапшы, сол себепті көпбалалы, атаулы әлеуметтік көмек алатын, аз қамтылған отбасылар жұмыспен қамтудың тек осы түріне бағытталады. Сондықтан субсидияланатын жұмыс түрлеріне сұраныс жоғары. Мысалы, былтыр өңірде қоғамдық жұмыстарға 5547 адам бағытталып, оларға 3 577,8 миллион теңге жұмсалса, осы жылдың 4 айында 3255 адам бағытталып отыр. Биылға бөлінген қаражат жеткіліксіз, сол себепті алдағы уақытта бұл бағытқа басқа бағыттан қаражат тарту жоспарлануда, - дейді Ләззат Оразбаева.
Басқарма басшысының айтуынша, Ақтөбе облысында жастарды жұмыспен қамтуға ерекше ден қойылған. Бұл бағытта жастар тәжірибесі мен бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, облыста жастар тәжірибесіне меңгерген кәсібі бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ, жоғары немесе арнаулы, орта білімі бар, оқу бітіргеніне бес жыл толмаған жастар бағыттала алады. Өкінішке қарай, бүгінде облыс аудандарында дәрігерлер, IT және өндіріс мамандары тапшы. Сондай-ақ, көпшілік жастар қазіргі еңбек нарығында қажеттілігі жоқ мамандықтарды игеруде. Олардың қатарында мұнай-газ, теміржолшы, туризм, т.б мамандықтар бар. Бұл мамандықтар бойынша аудандарда өндіріс орындары болмауына байланысты жастар тәжірибесіне жолдайтын жұмыс орындары жоқтың қасы.
Мысалы, Мұғалжар ауданы Жұрын ауылдық округінде барлығы 1323 адам тұрады. Округтегі еңбекке қабілетті 723 адамның 560-сы - жұмыспен қамтылғандар. Ал жұмыссыз 7 азамат қоғамдық жұмысқа тартылған. 2024 жылы оқуды аяқтаған 12 жастың бір де біреуі ауылға келіп, жастар тәжірибесіне бағытталмаған. Себебі 9 адам Ақтөбе қаласында, 2 адам Қандыағаш қаласында тұрақты жұмысқа орналасқан, тағы біреуі басқа қалаға тұрмысқа шығып, қоныс аударған. Дәл осындай жағдай Әйтеке би ауданы Үшқатты ауылдық округінде де байқалады. Осыларды ескеріп, біз жастар тәжірибесіне қатысушылардың айлық жалақысын 30 айлық есептік көрсеткіштен 40 айлық есептік көрсеткішке көтеру мәселесін қарастыруды, сондай-ақ ауылдық жерлерге жастарды тарту мақсатында жастар тәжірибесіне баратын жас мамандар еңбекақысын 45 айлық есептік көрсеткішке дейін көтеру туралы ұсыныстарды Еңбек және халықты әлеуметік қорғау министрлігіне жолдадық, - дейді ол.
Бүгінде Ақтөбе облысында жастарды жұмыспен қамтуға бағытталған “Ұрпақтар келісім шарты”, “Алғашқы жұмыс орны” жобалары іске асырылуда. Алайда жалақының аздығына байланысты бұл бағыттарға ниет білдіруші жастардың саны аз. Мәселен, 2024 жылы жастар тәжірибесіне 2115 адам бағытталып, жоспар 84,6 пайызға орындалса, “Ұрпақтар келісім шарты” жобасына жоспарланған 101 адамның орнына 90 адам жіберілген.
Ал биыл жыл басынан бері жастар тәжірибесіне 285 жас түлек бағытталса, “Алғашқы жұмыс орны” жобасына 20 адам жолданып, жоспар 16%-ға орындалған. Сол сияқты “Ұрпақтар келісім шарты” жобасы бойынша 12 адам жұмысқа алынған.
Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде отбасының цифрлық картасы ақпараттық жүйесінің мәліметіне сәйкес, Ақтөбе облысында NEET санатындағы жастардың саны - 17 241.
Қазіргі таңда облыста еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша мамандар даярлау үшін “ҚР Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы” шеңберінде жұмыс берушілердің сұранысы негізінде жұмыссыздарды қысқа мерзімді кәсіптік оқу қарастырылған. Оқудың ұзақтығы — біліктілік пен дағдылардың ерекшеліктерін ескере отырып бір айдан 6 айға дейін. Бұл орайда былтыр өңірде оқуға 860 адам бағытталып, 738 адам оқуын аяқтаса, оның 732-сі жұмысқа орналасқан. Бүгінде аталған оқу процесі 15 мамандық бойынша 5 колледжде және 12 оқу орталығында ұйымдастырылады. Ал биыл осы бағытта 540 жұмыссызды қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберу жоспарлануда. Олардың арасында электрик, құрылыс мамандары, электр-газбен дәнекерлеуші, тракторист-машинист, өнеркәсіп жабдықтарының жөндеушісі, қызмет көрсету саласы мамандары, газ қазандығының операторы, орманшы және т.б бар. Бұл бағытқа бюджеттен 256,1 млн теңге қаражат қарастырылған.
Ләззат Оразбаева былтыр Ақтөбе облысы бойынша 566 адамға грант беру жоспарланып, жоспар толығымен орындалғанын жеткізді. Грантқа ие болғандардың қатарында мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеушілер, көп балалы отбасылар, мүгедек жандар, асыраушысынан айырылғандар бар. 2024 жылы 534 кәсіпкер өз істерін ашып, қазіргі таңда жұмыстарын жалғастыруда. Ал биыл 356 адамға мемлекеттік қайтарымсыз грант беру жоспарланып отыр. Порталға өтінім беру шаралары мамыр айында жүзеге асырылмақ.
Айта кету керек, бүгінде Ақтөбе облысында жұмыссыз ретінде тіркелген 19 799 адам бар.