Ақтөбе облысында педиатрлар тапшы

Бүгiн, 18:18
126
Бөлісу:
Ақтөбе облысында педиатрлар тапшы
Фото: автордан

Ақтөбе облысындағы ауруханаларда балалар дәрігерлері тапшы, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінде облыстағы аудандарда балалар хирургиясы бөлімі жоқ. Баласы ауырған тұрғындар облыс орталығына келуге мәжбүр. 

Облыстық балалар ауруханасының хирургі Болат Жаналаевтың айтуынша, Шалқар, Хромтау, Мұғалжар сияқты ірі аудандарда балалар хирургиясы бөлімін ашу қажет. Сол кезде облыстық ауруханаға түсетін салмақ та азаяды.

 Қазір ауруханамызға 12 ауданнан науқас балалар келіп емделеді. Одан бөлек, Қызылорда, Атырау, Орал, Ақтау қалаларынан да келетіндер бар. Жыл сайын балалар арасында түрлі аурулар көбейіп барады. Әсіресе, кардиохирургия бөлімшесіне түсетін сәбилер көп. Сондықтан мекемемізге педиатрлар жетіспейді, - дейді ол.

Оның айтуынша, балалар ауруханасында уролог, травматолог, ортопед тапшы. Өйткені бұл мамандықтарға ешкім бармайды. Студенттер көп жағдайда бейінді маман болуға қызығады.

2010 жылы өңіріміздегі медицина университетінде педиатрия факультеті жабылып қалды. Содан көп адам бұл мамандыққа бара алмады. Кейін факультет қайта ашылғанымен, оған баратын жастар аз. Қазіргі жастардың балалармен жұмыс жасауға қызығушылығы жоқ па, әлде басқа да себебі бар ма, әйтеуір бәрі қашады.Педиатрия — бұл медицинаның негізгі саласы. Егер біз баланы кішкентай кезінен емдемесек, есейгенде оның дерті асқынып, ауруы көбейеді. Міне, осы мәселені жауапты органдар назарына алса екен, - дейді хирург.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мұратжан Қажығалиевтің айтуынша, бүгінде облыстық балалар ауруханасында күрделі оталар жасалады. 400 орындық аурухананың қазір материалдық-техникалық базасы ескірген, оған жаңа құрал-жабдықтар сатып алу қажет.

Өзгелердің жаңалығы