Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ақтөбе облысында өрттен зардап шеккен екі жұмысшы көз жұмды

3 Шілде 2025, 18:06
612
Бөлісу:
 Арман Мухатов  - архив
Фото: Арман Мухатов - архив

Ақтөбе облысында екі жұмысшы жөндеу жұмыстары кезінде цехта болған өрттің салдарынан көз жұмды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Аталған қайғылы оқиға өткен аптада, нақтырақ айтсақ, 26 маусымда облыстағы “Қамқор Локомотив” ЖШС-на қарасты Ақтөбе локомотив жөндеу депосында болған. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды бақылау бөлімінің басшысы Қуаныш Қамиевтің айтуынша, өрт салдарынан екі жұмысшының денесін қатты күйік шалған. 

Көрсетілген медициналық көмектерге қарамастан екі жұмысшы араға бірнеше күн салып көз жұмған. Атап айтсақ, біреуі — 30 маусымда, екіншісі 1 шілдеде қайтыс болған.

Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін еңбек департаменті басшысының төрағалық етуімен арнайы комиссия құрылды. Қазір бұл оқиға бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу аяқталғаннан кейін қосымша ақпарат беріледі, - дейді Қуаныш Қамиев.

Бұл оқиға бойынша біз Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасына хабарласқанбыз. Басқарма өкілдері ресми ақпарат берді. 

Зардап шеккендер шұғыл түрде көпсалалы облыстық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды. Медициналық мекемеге түскеннен кейін бірден зардап шегушілерге барлық қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп, мамандандырылған мамандардың қатысуымен тәулік бойы мониторинг ұйымдастырылды. Қолданылған медициналық және реанимациялық шараларға қарамастан, алған жарақаттарының ауырлығына байланысты науқастарды аман алып қалу мүмкін болмады, - делінген аталған басқарма хабарламасында.

Өзгелердің жаңалығы