Ақтөбе облысындағы орман шаруашылығы мекемелеріне өрт сөндіру станциялары керек. Бүгінде үш станцияның құрылысы басталса, қалған 4-еуінің әлі күнге дейін құжаттамалары дайын емес, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Айбат Жаңабергеновтің айтуынша, қазіргі таңда өңірдегі орман шаруашылығы мекемелеріне қарасты өрт сөндіру бекеттеріндегі техникалардың дені тозып тұр. Оларды жаңарту үшін қыруар қаржы керек.
Бүгінде облыстың 8 ауданы мен Ақтөбе қаласының әкімдіктеріне өрт гидранттарына толық жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Сондай-ақ Ырғыз ауданындағы Ырғыз-Торғай резерватының аумағында орман өрт станциясын құру мәселесі шешілген жоқ. Бұл мәселе Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қарауында. Одан бөлек, жазғы мезгілдегі дала және орман өрттерінен сақтану және олардың алдын алу үшін техника саны жетіспейді. Қазір өрт сөндіру бекеттеріндегі техникалардың дені ескірген. Бекеттерді жаңа техникамен қамту үшін 26 арнайы өрт сөндіру техникасы қажет. Биыл департамент бекеттерге 10 автоцистерна беруді жоспарлап отыр, - дейді ол.
Оның айтуынша, биыл жыл басынан бері өңірде жалпы ауданы 42 гектар болатын 2 жану оқиғасы тіркелген. Ал былтыр облыста 1400 гектар алаңды қамтитын 64 жану, 135 гектар болатын 6 орман өрті және 590 гектар алқапта бір дала өрті болған.
Биыл облыста 12 өрт сөндіру бекеті құрылады. Жалпы бүгінде өңірде 70-тен астам өрт сөндіру бекеті бар. Олар 178 ауылды өрттен қорғайды. Бекеттер 58 өрт сөндіру, 28 қосымша техникамен қамтылған, - дейді А. Жаңабергенов.
Айта кету керек, биыл облыста өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін 12 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.