Жыл басынан бері Ақтөбе облысында 409 өрт оқиғасы тіркеліп, салдарынан 11 адам көз жұмды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Нұрхат Қалдыбаевтың айтуынша, 9 айда тіркелген өрт оқиғалары салдарынан өңірде 9 адам әр түрлі жарақат алған.
Биыл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өрт оқиғаларының саны 1,4 пайызға азайып отыр. Дегенмен көз жұмғандар бар. Тіркелген өрттердің көбі тұрғын үй секторларында болған. Биыл біз облыс әкімдігімен бірлесіп халықтың әлеуметтік осал топтары тұратын тұрғын үйлердің тізімдерін түзетіп, нәтижесінде жалпы саны 6414 тұрғын үйді тіркедік. Департамент мамандары жергілікті полиция қызметімен, еріктілермен бірге осы тұрғын үйлердің бәрін аралап, 21 680 адамға нұсқау беріп, 25 355 жадынама мен парақша таратты. Өңірімізде 15 тамыздан бастап халықтың әлеуметтік осал топтары тұратын 3300 үйге түтін, улы газ және табиғи газ датчиктері орнатылды, — дейді ол.
Оның айтуынша, облыста өткен жылы үйлерде тұрмыстық газды пайдалануға байланысты 8 оқыс оқиға тіркелген. Оның үшеуі газ баллондарының жарылуы болса, бесеуі — газ-ауа қоспасының жарылысы. Өрт оқиғалары Ырғыз, Алға, Қарғалы, Әйтеке би, Мәртөк аудандарында және Ақтөбе қаласында болған.
Өткен 2023-2024 жылғы жылыту маусымында Ақтөбе облысында табиғи газбен уланудың бір оқиғасы тіркелген болатын. Соның салдарынан 2 адам зардап шекті, бір адам көз жұмды. Ал биыл облыс аумағында көлік құралдарында 135 өрт болды. Былтыр 133 өрт оқиғасы болған болатын. Қазір біз осындай қайғылы оқиғалардың қайталанбауы үшін облыс тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, — дейді Н.Қалдыбаев.