Ақтөбе облысы. BAQ.KZ тілшісі. Биыл жыл басынан бері Ақтөбе қаласының аумағында 124 өрт оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 2 адам көз жұмып, бес адам әр түрлі адам жарақат алған.
Өрт оқиғаларының көбі тұрғын-үй секторларында болса, сондай-ақ биыл автокөліктердің жанып кетуі де қала аумағында жиі тіркеліп отыр. Атап айтсақ, биыл тұрғын үй секторларында 62 өрт тіркелсе, автокөліктердің жануы бойынша тіркелген деректер саны — 34. Көп жағдайда мұндай қайғылы оқиғалар қауіпсіздік ережелерін сақтамау, сондай-ақ темекі тарту, от жағып, сөндірмей кету сияқты іс-әрекеттер салдарынан болады, — дейді Ақтөбе қалалық төтенше жағдай басқармасының Алматы ауданы бойынша басшысы Аслан Арзымбетов.
Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, жыл сайын департамент қызметкерлері тұрғын үйлердегі өрттің алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шаралар өткізеді. Мәселен, биыл облыста департамент мамандары 58 000-нан астам үйді аралаған. Оларда бүгінде 172 000-нан астам азамат тұрады.
Тұрғын үйлерді визуалды тексеру нәтижелерінде өрт қауіпсіздігі ережелері бойынша 7 мыңнан астам бұзушылық анықталған. Оның ішінде бұзушылықтардың негізгі үлесі электр желілері мен электр жабдықтарын пайдалануға қатысты (2 755) болса, сондай-ақ жылыту жүйелеріндегі ақаулар да (2 373) көп тіркелген.
Биыл қабылданған шараларға қарамастан, өрт саны 7,6 пайызға өсті. Өткен жылы өңірде 169 өрт оқиғасы тіркелсе, биылғы көрсеткіш — 182. Өрттің салдарынан 6 адам көз жұмды. Былтыр 5 адам қайтыс болған. Тіркелген өрт оқиғаларының ішінде 94-і тұрғын үй секторында болса, 60-ы автокөлікте болған, қалғаны — басқа да жағдайлар, — дейді департамент басшысы Аманбаев.