Биыл Ақтөбе облысында пастереллез, құтыру және қарасан ауруларымен ауырған мал ошақтары табылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазір бұл ошақтарға сауықтыру жұмыстары жүргізілуде. Ауру мал ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес санитарлық союға жіберілген.
Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Айбек Сембайдың айтуынша, биыл өңірде бруцеллез ауруы да анықталған. Бұл ауру бойынша Байғанин ауданында — 3, Мәртөк ауданында — 1, Әйтеке би ауданында бір ошақ тіркелген. Қазіргі таңда 2 ошақта сауықтыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Биыл бруцеллез анықталған аулаларға жалпы көлемі 58 928 шаршы метр дезинфекция жұмыстары жүргізілді. Жалпы, облыста бруцеллезге серологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу бойынша 750 мыңнан астам ірі қара мен 1 313 105 бас ұсақ мүйізді малды тексеру жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін өңірімізде 526 581 бас ірі қара тексерілді, жұқтыру көрсеткіші — 0,5 пайыз. Ал тексерілген ұсақ мүйізді мал саны — 883 427. Жұқтыру көрсеткіші — 0,10 пайыз, — дейді А.Сембай.
Оның айтуынша, облыста 56 типтік мал қорымы, 122 сібір жарасы көміндісі тіркелген. Сібір жарасының көміндісі орналасқан орындар туралы ақпарат «Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі» деректер базасына енгізілген. Өңірде салынатын 14 типтік мал қорымының төртеуіне сметалық-жобалық құжаттар жасауға қаржы бөлінген.
Бүгінде Ақтөбе облысында эпизоотиялық ахуал тұрақты. Өңірде жалпы саны 2 419 821 бас ауыл шаруашылығы жануары бар. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң аясында қаңғыбас ит-мысықтарды аулап, күтуге 201,5 миллион теңге қаржы бөлінді. Тұрғындардан түскен арыз бойынша 15 мың қаңғыбас ит пен 342 мысық ауланды, — дейді А.Сембай.