Ақтөбе облысында киіктер егін алқаптарын таптап жатыр

13 Қыркүйек 2023, 10:04
852
Бөлісу:
Ақтөбе облысында киіктер егін алқаптарын таптап жатыр
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

Ақтөбе облысының астықты аудандарында киіктер шаруалардың егін алқаптарын таптап жатыр, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Былтырдан бері Ақтөбе облысында киіктер саны екі-үш есеге дейін көбейген. Бұрын киіктер бұл өңірдегі Ырғыз ауданында көп тіркелетін. Биыл Әйтеке би, Қобда аудандарында ақбөкендер саны артып отыр.

Киіктер санының шамадан артуы өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарын жинап, сақтауда қиындық туғызып, қазір шаруашылық құрылымдарының басшылары бұл мәселеге қатты алаңдап отыр.

Әйтеке би ауданы Жүргенов ауылының тұрғыны, «Бұлақ» шаруа қожалығының басшысы Ақжол Дабыловтың айтуынша, биыл былтырғыға қарағанда киіктер саны аудан аумағында 2-3 есеге көбейген. Олардың дені Арқалық, Торғай жақтан келіп жатыр екен. Он мың гектар жері бар шаруа биыл барлық алқапқа бидай еккен.

Биыл мамыр айынан бастап далада киік «бағып» жүрміз. Егінге 2-3 мыңнан кіріп кетіп, жерімізді таптап жатыр. Мың гектар жерімді жеп, таптап тастады. Киік деген негізі тез көбейеді. Жыл сайын олардың саны екі-үш есеге өседі. Сондықтан оларды қуып, егін алқаптарынан алыстату мүмкін емес. Қалай болғанда да олардың санын азайту керек. Мемлекет тарапынан осы мәселеге назар аударылса екен дейміз. Қазір мен сияқты қаншама диқанның жері тапталып, зардап шегіп отыр. Келер жылы киіктердің саны тағы көбейсе, не болатынын білмейміз? — дейді Ақжол Дабылов.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, бүгінге дейін киіктер өңірде 16 мың гектарға жуық егіс алқабын таптап, бүлдірген. Шаруалар қазір егіс жинау науқаны кезінде бұл мәселеге ерекше алаңдап отыр. Бұл мәселеге байланысты облыс әкімдігі Экология және табиғи ресурстар, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне ұсыныстар жолдаған.

Бүгінде Ақтөбе облысы аумағында киіктердің екі таралымы мекендейді. Олар — Бетпақдала және Үстірт таралымы. Үстірт (Байғанин, Шалқар аудандары) таралымында әуе санағы есебі бойынша 39 700 бас, Бетпақдала (Әйтеке би, Ырғыз, Хромтау аудандары) таралымында 120 мың бас киік мекендейді.

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Әділгерей Әуелбаевтың айтуынша, жыл басынан бері өңірде киіктерді аулау бойынша 12 дерек тіркелген. Олардың қатарында заңсыз аулау, киіктің еті мен мүйізін тасымалдау, сақтау, өткізуге байланысты қозғалған қылмыстық істер бар.

Биыл облыста бұл орайда 8 азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Қалған қылмыстық істер бойынша қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Келтірілген шығынның жалпы көлемі — 3 миллиард теңге, — дейді ол.

Оның айтуынша, жыл сайын көктем айларында киіктердің санына авиациялық есеп жүргізіледі. Биыл олардың саны едәуір көбейіп отыр. Осы орайда қазіргі таңда егіс алқаптарын сақтау мақсатында шаруа қожалықтарына киіктерді үркіту үшін атуға қабілеті жоқ қару-жарақтарды, макеттік-габариттік қаруды атуды имитациялауға арналған бұйымдарды қолдануға рұқсат беру мәселесі қарастырылып жатыр.

Айта кету керек, елімізде киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға жарияланған мораторий 2024 жылға дейін ұзартылған болатын. Ақбөкендердің ендігі «тағдыры» не болатыны белгісіз. Бұл мәселені министрлік назарға алады деп үміттенеміз.

Өзгелердің жаңалығы