Ақтөбе облысында интернет-алаяқтық пен есірткі қылмыстары азайды

Прокуратура профилактикалық шаралардың нәтижесінде өңірде интернет-алаяқтық 12%-ға, ал есірткі қылмыстары 10%-ға төмендегенін мәлімдеді.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 18:48
Бүгiн 2026, 18:48
206
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Ақтөбе облысы прокуратурасы облыстық ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасымен бірлесіп интернет-алаяқтық пен есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған «Ақтөбе – алаяқтықсыз аймақ» және «Наркобарьер-2026» жобаларын жүзеге асыруды жалғастырып жатыр.

Прокуратураның мәліметінше, құқық қорғау органдары, екінші деңгейлі банктер, жергілікті атқарушы органдар мен қоғам өкілдерінің бірлескен жұмысының нәтижесінде өңірде қылмыс деңгейі төмендеген.

Алаяқтық деректері 6%-ға, интернет-алаяқтық 12%-ға азайды. Сонымен қатар 3,3 млрд теңге көлемінде заңсыз ақша айналымымен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды, – деп мәлімдеді прокуратура.

Ведомство мәліметінше, 150 дроппер анықталып, алты ұйымдастырушы қамауға алынған. Тағы екі адам халықаралық іздеуге жарияланған.

«Наркобарьер-2026» жобасы аясында цифрлық профилактика құралдары енгізілген. Атап айтқанда, «Avtobys» мобильді қосымшасы арқылы есірткі қылмысының алдын алу жөніндегі ақпараттық материалдар жарияланып, шамамен 300 мың қолданушы қамтылған.

Сонымен қатар қоғамдық көліктерде арнайы аудиороликтер тұрақты түрде таратылып келеді.

Өңір прокуратурасының мәліметінше, қабылданған шаралардың нәтижесінде тіркелген есірткі қылмыстары 10%-ға азайған. Оның ішінде есірткі сату фактілері 24,5%-ға, ал сақтау деректері 19,7%-ға төмендеген.

Қазіргі уақытта өңірдегі қылмысқа қарсы жүйелі жұмыс жалғасып жатыр және прокуратураның тұрақты бақылауында.

Наверх