Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Миялы ауылдық округінде далалық алқап жанып, 45 гектар жер өртеніп кетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Байғанин аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Кендебай Баушовтың айтуынша, өрт оқиғасы болған жерге ауданға қарасты өрт сөндіру бекеттерінен қызметкерлер барған.
Өрт сөндіруге Жаңажол ауылынан бір техника мен 4 адам, Жарқамыс ауылынан бір «УАЗ» автокөлігі мен 2 адам, Миялы ауылынан бір «УАЗ» автокөлігі мен 5 адам, Дияр ауылынан 3 трактор мен 7 «УАЗ» автокөлігі, сондай-ақ 50 адам жұмылдырылды. Бұдан бөлек, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінен бір арнаулы автокөлік пен 5 адам қосымша көмекке барды, - дейді Кендебай Баушов.
Белгілі болғандай, өрт оқиғасы болған жер аудан орталығынан 350 шақырым қашықтықта орналасқан. Негізі өрт Байғанин ауданымен шектесіп жатқан Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында шыққан. Әзірге өрттің шығу себебі белгісіз. Қазір өрт толықтай сөндірілген, дегенмен мамандар ауа райының күрт ысып кетуінен далалық жерлерде тағы да өрт оқиғалары тіркелуі мүмкін екенін айтады.
Айта кету керек, биыл жыл басынан бері Ақтөбе облысында жалпы саны 126 өрт оқиғасы тіркелді. Оның біреуі орман өрті болса, екеуі - дала өрті. Салдарынан 3 адам қаза тауып, 4 адам әр түрлі жарақат алған. Осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін бүгінде Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндірушілердің материалдық-техникалық жарақтандыру деңгейін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар іс-шаралар жүргізуде.
Мәселен, бүгінде облыс бойынша 160-қа жуық техникалық құрал-жабдық және 270-тен астам арнайы қорғаныш киімдер жиынтығын сатып алу көзделіп отыр.