Ақтөбе облысында бір айда 121 отбасы ажырасқан

Бүгiн, 19:48
138
Бөлісу:
Ақтөбе облысында бір айда 121 отбасы ажырасқан
Фото: BAQ.KZ архив

Ақтөбе облысында жыл басынан бері 121 отбасы сотпен ажырасып кеткен, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық соты баспасөз қызметі бөлімінің бас маманы Жансая Таированың айтуынша, былтыр сотқа ерлі-зайыптылардан 4705 іс келіп түскен. Нәтижесінде 3069 іс қаралып, 1898-іне шешім шыққан. 

Былтыр жыл қорытындысы бойынша азаматтардан түскен арыз-шағым бойынша 1895 неке бұзылды. Жалпы сотқа түскен арыздарды қарау барысында 89 іс тоқтатылса, үшеуінен бас тартылды. Ал жыл басынан бері ажырасу бойынша сотқа 426 шағым түсті. Бүгінде соның 122-сіне шешім шығарылды. Бір ай ішінде 11 іс тоқтатылса, бір жұп берген арызын қайтарып алды, - дейді ол. 

Ал "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы Ақтөбе облыстық филиалының берген деректеріне сүйенсек, өткен жылы өңірде 5230 неке тіркеліп, 721 неке бұзылған. Ал биыл жыл басынан бері 212 жұп отау құрып, 37 отбасының шаңырағы шайқалған. 

Ақтөбе қаласындағы "Бақытты отбасы" орталығының психологы Зульфия Абдулдинованың айтуынша, соңғы кезде елімізде ажырасу деректерінің көбеюі әлеуметтік мәселелерге, сондай-ақ ер адамдардың лудоманияға, нашақорлыққа, маскүнемдікке әуес болуынан болып отыр. 

Қазір әрбір отбасында кем дегенде бір-екі баладан бар. Әйелдердің дені шарасыздықтан сотқа арыз беруге мәжбүр. Себебі ер адамдарда жауапкершілік жоқ, ойынқұмарлыққа әуестенген, жұмыс істемейді, отбасын асырамайды. Одан бөлек, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған нәзікжандылар бар. Олар таяқ жегеннен гөрі балаларымен бөлек тұрғанын қалайды. Жалпы, қазір қоғамда бір-бірін түсіне алмай, қиындыққа шыдамай, ажырасып кетіп жатқандар көп. Осы орайда біздің орталық қолдауға мұқтаж отбасыларға көмек көрсетеді, - дейді ол.

 

Өзгелердің жаңалығы