Ақтөбе облысында бір ауданның төрт ауылында жол жоқ

17 Ақпан 2025, 18:49
313
Бөлісу:
Ақтөбе облысында бір ауданның төрт ауылында жол жоқ
Фото: BAQ.KZ архив

Ақтөбе облысы Байғанин ауданындағы төрт ауылда жол салу жұмыстары бірнеше жылдан бері аяқталмай келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жуырда өткен облыстық мәслихаттың кезекті он сегізінші сессиясында осы мәселені облыстық мәслихат депутаты Естай Сисенбай көтерген болатын.

Оның айтуынша, былтыр аудан орталығы Қарауылкелді ауылынан Алтай батыр елді мекеніне дейінгі 40 шақырым жолдың жартысы жөнделмеген. Сондай-ақ Алтай ауылынан Оймауыт ауылына дейін 130 шақырым жолға тек қиыршық тас төгілген. Жөндеу жұмыстары толықтай жүргізілмей келеді. Мердігер ұйым – "Мерей и К" ЖШС жол салуға қатысты жауапкершілігін орындамай отыр.

Оймауыт ауылының тұрғындары қазір жолдың жоқтығын айтып, шағымдануда. Одан бөлек, Қарауылкелді-Кемерши бағытындағы жол да салынбай тұр. Ал Ебейті ауылына баратын жолды жөндеуге екі рет конкурс жарияланды, алайда мердігерлер келмеді, соның салдарынан былтыр бөлінген қаржы игерілмеді, - деді ол.

Айта кету керек, былтыр "Мерей және К" ЖШС-на тағы бір жоба берілген. Облыстық мәслихат депутаты бұған дейін мойнына алған жұмыстарын тиянақты жасамай отырған компанияға тағы бір жобаны тапсыру дұрыс еместігін жеткізді.

Миялы ауылының тұрғындары алыс елді мекендерге жол салу бүгінде аудандағы ең өзекті мәселе екенін айтады. Себебі жол болмаса қыс-көктем айларында тұрғындар аудан орталығына емін-еркін қатынай алмайды.

Бүгінде ауданымызға қарасты бірнеше ауылға жол салынбай келеді. Қаншама жылдан бері грейдер жолмен жүруге мәжбүрміз. "Қарауылкелді-Алтай батыр-Миялы-Оймауыт" автомобиль жолы неше жылдан бері әлі біткен жоқ, - деп өз реніштерін жеткізді миялылықтар.

Біз бұл мәселе бойынша Байғанин аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне хабарластық.

Аталған мекеменің бас маманы Нұрлан Сағыновтың айтуынша, 2021 жылы аудандағы "Қарауылкелді-Алтай батыр-Миялы-Оймауыт" автомобиль жолының 31 шақырымын орташа жөндеу үшін мердігер ұйым "Мерей и К" ЖШС-мен келісімшарт жасалған. Жобаның жалпы құны – 919,1 млн теңге. Алайда әлі күнге дейін жол жөндеу жұмыстары толығымен аяқталмаған.

Бұл автомобиль жолының жалпы ұзындығы - 171,3 шақырым, оның ішінде 11 шақырымына асфальтты бетон жамылғысы төселіп, суағар трубалары ауыстырылды. Жұмыстардың орындалу көрсеткіші - 40 пайыз. Келісімшартта көрсетілген міндеттемелерді толық орындамағаны үшін мердігерді жосықсыз қатысушы деп тану туралы сотқа талап-арыз жолданып, сот шешімі шығарылды. Қазіргі уақытта мердігер ұйым аталған нысан бойынша материалдардың қымбаттауына байланысты жобалау-сметалық құжаттамаға түзету енгізуді сұрап отыр, - дейді ол.

Бас маманның айтуынша, ауданда биыл "Қарауылкелді-Жарқамыс" автомобиль жолы да жөнделуі керек. Бұл тас жолдың 66-78 шақырымын жөндеуге облыстық бюджетті нақтылау кезінде 500,0 млн теңге қаражат бөлінген. Мемлекеттік сатып алу қорытындысына сәйкес биыл мердігер анықталып, құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады.

Бұл жолдың жалпы ұзындығы – 102,4 шақырым. Оның ішінде қазіргі уақытқа дейін 59 шақырымына асфальтты бетон жамылғысы төселген. 2024-2025 жылы аталған жолдың 66-78 және 78-90 шақырымын жөндеу бойынша техникалық құжаттама әзірленіп, сараптамадан өткізілді. Бұған дейін автомобиль жолының 35-50 шақырымын орташа жөндеу бойынша мердігер ұйым – "Мерей и К" ЖШС деп танылды. Жоба 2022 жылы басталды, алайда келісімшартта көрсетілген міндеттемелерді толық орындамағаны үшін мердігерді жосықсыз қатысушы деп тану туралы сотқа талап- арыз жолданып, сот шешімі шығарылды. Мердігер нысан бойынша материалдардың қымбаттауына байланысты жобалау-сметалық құжаттамаға түзету енгізуді сұрап отыр, - дейді Нұрлан Сағынов.

Ауданда жол салу жұмыстары аяқталмай отырған тағы бір жоба бар. Ол – Кемерши ауылына кіреберіс автомобиль жолы. Оның ұзындығы – 56 шақырым.

Кемерши ауылына кіреберіс жолдың 14-28 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге 2023 жылы мемлекеттік сатып алу рәсімі жүргізіліп, келісімшарт жасалған болатын. Жұмыстар орындау мерзімі бекітілген кестесіне сәйкес маусым айынан бастап қазан айы аралығында жүргізілуі тиіс еді. Тамыз айында мердігер арқылы қиыршық тас тасылып басталған болатын. Алайда қыркүйек айынан бері нысан бойынша құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Мердігер мекеме жұмыстарын уақытылы жасамай, бекітілген жұмыстарды орындау жоспарынан қалыс қалып отыр, - дейді бас маман.

Оның айтуынша, бұл жоба бойынша былтыр "Мемлекеттік сатып алу туралы" Заңының 12-бабының 4-тармағына сәйкес, мемлекеттік сатып алу туралы жасасқан шарттар бойынша өз міндеттемелерін орындамаған мердігер ұйым мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушыларының тізіліміне енгізу талабымен ауданаралық экономикалық сотқа жолданып, компанияға қатысты сот шешімі шығарылған. Биыл аталған мердігер ұйым – "Жерұйық Консалтинг" ЖШС-мен келісімшарт бұзылған. Биыл бұл жоба бойынша мемлекеттік сатып алу арқылы мердігер қайта анықталады.

Сондай-ақ биыл осы Кемерши ауылына кіреберіс жолдың 0-14 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарын "Дорстрой" ЖШС жүргізеді. Өткен жылы мердігер мекеме жөндеу жұмыстарын толық жүргізбеген, себебі қаражат толық бөлінбеген. Биыл бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.

Байғанин ауданында жолы жөнделмеген тағы бір ауыл бар. Ол – Ебейті ауылы. Бұл елді мекенге кіреберіс автомобиль жолының ұзындығы – 43,7 шақырым.

2021 жылы осы жолдың 23 шақырымын жөндеуге техникалық құжаттамалар әзірленген. Алайда бюджет комиссиясында жобаның қолдау таппауына байланысты қаражат бөлінбей қалған. Былтыр да осы жағдай қайталанған, аталған жобаға қаржы қарастырылмаған.

Өткен жылы қазан айындағы бюджетті нақтылау барысында Ебейті ауылына кіреберіс жолдың 15 шақырымын орташа жөндеуге жергілікті бюджеттен 100,0 мың теңге қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алу веб-порталына ашық конкурс тәсілімен жарияланған болатын. Алайда мемлекеттік сатып алу қорытынды хаттамасына сәйкес өнім берушілерден өтінімдер келіп түспеуіне байланысты конкурс нәтижесіз қалды. Бүгінде бұл жобаның техникалық құжаттамасының бір жылдық мерзімі аяқталып отыр, - дейді Нұрлан Сағынов.

Р.S.: Жауапты мекеме мамандары аталған елді мекендерге алдағы жылдары жол салынатынын айтады. Дегенмен ауыл тұрғындары биыл көктемде тағы да балшық кешіп, жол азабын тартатындарына наразы. "Төзіміміз таусылды" деген тұрғындар жол салу жобаларының уақытылы жүзеге асырылуын жергілікті билік қатаң бақылауға алғанын қалайды...

Өзгелердің жаңалығы