Ақтөбе облысында білім бөлімінің мамандары негізсіз сыйақы алып келген

23 Шілде 2024, 21:16
583
Бөлісу:
Ақтөбе облысында білім бөлімінің мамандары негізсіз сыйақы алып келген
Фото: Арман Мухатов - архив

Ақтөбе облысы Байғанин аудандық білім бөлімінің қызметкерлері 3 жыл бойы артық ақша алып, мұғалімдерге негізсіз үстемақы төлеген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Сәкен Қасымов мәлімдеді.

Оның айтуынша, аудиторлық тексеру кезінде анықталған бұзушылықтардың жалпы сомасы — 260 млн 649,3‬ мың теңге.

Аудандық білім бөлімінде анықталған қаржылық бұзушылықтардың мөлшері 126 млн 814,1 мың теңге болса, рәсімдік бұзушылықтардың мөлшері — 133 млн 835,2 мың теңге. Мәселен, қаржылық бұзушылықтарға келсек, ауданда 2021-2023 жылдары бөлім мамандарына негізсіз сыйақы беріліп, сауықтыру жәрдемақысына артық ақша бөлінген. Сондай-ақ қызметкерлерге айлық жалақы және ауылдық жәрдемақылары негізсіз қосылған. Бұдан бөлек, мұғалімдердің алған сертификаттары жүйеде расталмай, 6 млн 930,1 мың теңгеге негізсіз үстемақы төленгені анықталды. Оның ішінде 5 млн 982,2 мың теңгесі бюджетке қайтарылды, — дейді ол.

Сәкен Қасымовтың айтуынша, аудандық білім бөлімі «Парус» бағдарламасын 4 690,0 мың теңгеге сатып алып, мекеме балансына тіркемеген. Сондай-ақ балабақшалар 2021-2022 жылдары себепсіз келмеген балалар үшін 98 млн 802,8 мың теңге төлем жүргізген.

Анықталған бұзушылықтар бойынша Байғанин аудандық білім бөлімі басшысына — 664,6 мың, есепшіге — 276,9 мың, балабақша меңгерушілеріне — 2 млн 636,0 мың, балабақша есепшілеріне 2 млн 399,8 мың теңге айыппұл салынды. Ауданда білім саласындағы 25 лауазымды тұлғаға қатысты 63 әкімшілік іс қозғалып, салынған айыппұл бойынша 6 млн 708,4 мың теңге бюджетке өтелді. 19 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, — дейді Қасымов.

Өзгелердің жаңалығы